08 қыр, 2021 сағат 16:26

Расұл Жұмалы: Өңірлік қоғамдық кеңестер неге үнсіз?



Саясаттанушы Расұл Жұмалының әлеуметтік желідегі пікірінше бүгіндері қоғамдық кеңестердің пайдасы мен маңызы кезекті көрініс тапты.

«Nur-Otan» партиясының жанындағы Экономиканы дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау бойынша қоғамдық кеңес Қаржы министрлігін қатқыл сынға алды. Аталған ведомство басшысының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті меморындардың тексеруіне қатысты жариялаған мораторийге қарымта тексерістерді қайта қолға алатынын мәлімдегені белгілі.

Осы орайда танымал саясаттанушы Расул Жұмалы бұндай қиғаш әрекет тек жоғарғы басшылықтың тапсырмасын бұрмалап оған ерегесуді ғана білдірмейтіндігін айтады.

Президент көздеген мақсат – салық жүйесін оңтайландырып кәсіпкерлерді одан жалтаруға емес, қайта мүдделі болуға ынталандыру. Айналып келгенде бұл қадам бизнесті көлеңкеден шығарып заңды әрі ашық түрде жұмыс істеуіне жол ашпақ, дейді саясаттанушы. 

«Көріп отырғанымыздай министрлік тапсырманы кешенді түрде орындаудың орнына баяғы сес көрсету әніне басып отыр. Ал онысы кәсібилік пен мемлекеттік сана-сезімнің тапшылығын білдіреді. Осындай ескішіл ұстанымды Қоғамдық кеңестің дер кезінде нысанаға алғаны құптарлық іс. Енді үкімет те, министрлік те осыдан дұрыс сабақ алғаны жөн. Бұл жайлы мемлекет басшысының өзі "Қойылған міндеттен жалтаратындар қызметтен кетсін" - деп анық ескертті де. Тағы бір мәселе - осындайда өңірлік деңгейде құрылған қоғамдық кеңестер неге үнсіз? Оның үстіне шағын және орта бизнес өкілдері көбіне жергілікті әкімшілікке кіріптар болып отырғанда. Сайып келгенде қоғамдық кеңестің басты міндеті сол қоғамның, оның ішінде кәсіпкерлердің мүддесін қорғау емес пе еді? Дәл осындай уәжді өзін оппозиция санайтын бірақ жеме-жемге келгенде жиі тасада қалып қоятын парламенттегі партияларға қатысты да айтуға болар», - деп жазды Жұмалы әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында.

Естеріңізге салсақ, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шағын бизнесті тексеруге рұқсатты қайтарып, 2019 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлықпен енгізген мораторийді алып тастауды ұсынған болатын.