18 сәу, 2023 сағат 10:45

Ресейде Jah Khalib-тің концерттеріне тыйым салу талап етілді

Фото: minval.az

Қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің (Бақтияр Мамедов) Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі концертін тоқтату ұсынылды.

"Әділетті Ресей" партиясының депутаты Яна Лантратова Ресей билігінен қазақстандық рэп орындаушы Jah Khalib-тің соғысқа қарсы мәлімдемелеріне байланысты Мәскеуде өтетін концертіне тыйым салуды талап етті. Бұл туралы ол Telegram-арнасына жазды.

Сондай-ақ ресейлік рэпер әрі журналист Аким Апачев та ВКонтакте желісіндегі парақшасында Jah Khalib-тің концерттерін тоқтатуға шақырды.

"Биыл Мәскеуде Украинаны қолдайтын қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің екі концерті жоспарланған. Бұларың не? Мүмкін, Кремльде Зеленскийдің концертін ұйымдастырарсыздар? Елімізді жамандайтындардың бәрін айдау керек. Жау жау болып қалады, ол Мәскеудегі концерт үшін одақтас болып кетпейді", - деп жазды ол.

Айта кетейік, Jah Khalib 23 сәуірде Мәскеудегі Crocus City Hall-да және 25 сәуірде Санкт-Петербургте өнер көрсетеді деп күтіледі.