Фото: ашық дереккөз
Ресейде қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуровтың тағы бір концерті өтпейтін болды. Бұл туралы ngs55.ru жазды, деп хабарлайды Ult.kz.
Комик 8 ақпанда Омбы қаласының G-Drive Arena сахнасында өнер көрсетуі тиіс болған. Алайда іс-шара билеттер сатылатын сайттардан және Сабуровтың ресми сайтынан алынып тасталған. Концерт ұйымдастырушылардың бастамасымен тоқтатылғаны хабарланды.
Билет сатып алған көрермендерге концерт өтпейтіні және қаражаттың қайтарылатыны жөнінде хабарламалар жіберілген. Кейбір көрермендерге ақша қайтарылып үлгерсе, енді біріне қаражаттың 180 күн ішінде аударылатыны айтылған.
«Бұл шешімді ұйымдастырушылар қабылдады. Соған қарамастан, көңіліңізден шығатын өзге іс-шара тауып, уақытты жақсы өткізесіз деп үміттенеміз», – делінген ұйымдастырушылар таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Нұрлан Сабуровтың концерті Рязань қаласында да өтпеген. Бұған дейін Обнинск қаласындағы концерті де тоқтатылған еді. БАҚ мәліметінше, концерттердің жиі кейінге шегерілуіне Сабуровтың Қазақстанға көшіп келген ресейліктер туралы әзілдері себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, ол орыс тілді азаматтарға қазақ тілін меңгерудің қиындығын әзілмен жеткізген.
Сондай-ақ қараша айының соңында Сабуровтың Нижневартовск пен Екатеринбург қалаларындағы концерттері де тоқтатылған. Артистің менеджері бұл ақпаратты растап, билеттер үшін қаражат толық қайтарылатынын мәлімдеген.
