29 шіл, 2021 сағат 16:40

«Рухани жаңғыру»: Парламенттің онлайн кеңесінде ұлттық брендтер мәселесі талқыланды


Өткен жылы Қазақстанның жаңа ұлттық брендін (елдік маңдайша, брендбук, бірыңғай түс палитрасының, түпнұсқалық қаріптің стандарттары және т.б.) әзірлеу, «Қазақстанның имиджін оң мазмұнмен толтыруға, сондай-ақ елдің шетелде танылуын арттыру бағытында мемлекеттік тапсырма болған. Ал кеше Парламенттің онлайн кеңесінде ұлттық брендтер мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ұлттық брендтерді дамыту жөнінде онлайн-кеңесте негізгі мәселелер алға қойылды. Премьер-Министрінің орынбасары өз сөзінде Қазақстан өзінің ұлттық жобалары мен брендтерін дамытуы тиіс екенін, осы арқылы елдің танымалдығы артатынын атап өтті.

«Қазақстан өзінің ұлттық жобалары мен брендтерін дамытуы тиіс, осы құндылықтар арқылы қазақ елінің танымалдығы артады. Бұл халықтың рухын көтеріп, қазақстандық бірегейлікті айқындайтын ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуда ел тұрғындарын біріктіруге көмектеседі», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Кеңеске орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты, аталған бағыттар бойынша жол карталарын әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы тарихи естеліктерге бай зияткерлік және рухы жоғары қоғамды қалыптастыру мен дамытудың пәрменді тетігі бола алады. «Қазақ күресін» жаппай дамыту он жыл бұрын «Қазақстан барысы» жобасын жүзеге асырудан басталды. Танымалдық деңгейінің артуы «Әлем барысы» және «Еуразия барысы» секілді халықаралық іс-шараларда байқалуда.

Бүгін «Қазақстан барысы» халық өнерін жандандыру және ұлттық ойындарды насихаттау бойынша өзіндік сайыс түрі болып қалыптасты. Жыл сайын турнирге 9 мыңнан астам жанкүйер, 2 млн-нан астам көрермен қатысады. Бұл жоба халықтың зор қолдауына ие болды.

«Қазақстан барысы» жобасы биыл он бірінші рет өтті. Жыл сайын бұрын көрермендерге танылмаған жаңа жұлдыздардың аты шығып жатыр деп ойлаймын. Мысалы, биыл 18 жасқа енді толған бірнеше балуан бақ сынады. Жалпы біз жобаны қолға алған кезде «Қазақстан барысы» әлеуметтік лифтіге айналсын деп ойлағанбыз. Сол ойлағанымыз, Құдайға шүкір, келіп жатыр. Айбек Нұғымаров, Бейбіт Ыстыбаев, Ұлан Рысқұл, Руслан Әбдіразақ – бәрі еліміздің танымал азаматтарына айналды. Әлеуметтік желілердің жұлдыздары. Ең бастапқы мақсатымыз – ұлттық күресіміз күрес түрлерінің арасында ең төрінде тұрсын деген ойымызға жеттік. Одан қалды, жаңа айтқандай, «Қазақстан барысына» қатысатын балуандардың да абыройы артып, халық арасында зор құрметке бөленіп жатыр. Халықтың кейбіреулері тіпті Олимпиада чемпиондарын да білмей жатады. Ал біздің Бейбіт, Ұлан, Айбектерді біледі, таниды, қай жерге барса да дастарқан жайып, төрге оздырады», - дейді «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе қазақы Қазанат (Қостанайлық тұқым) жылқы тұқымын дамытуға қатысты болды. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер бетіне Ұлы даладан таралғаны тарихтан белгілі. Жаһандық деңгейде бұл шаруашылық және әскери салада бұрын-соңды болмаған жаңашылдыққа жол ашты. Бүгінгі күні қазақы Қазанат (Қостанайлық тұқым) тұқымындағы жылқыларды қалпына келтіру мен сақтау бойынша жол картасы әзірленді. Тарихи ескерткіштер мен мәдениеттің мемлекеттік тізіміне «Патшалық жылқылар қоражайы» («Царская конюшня») ғимараттарын қосу және Қазанат тұқымындағы жылқыларды асыл тұқымдық сынау жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстанның жаңа ұлттық брендін (елдік маңдайша, брендбук, бірыңғай түс палитрасының, түпнұсқалық қаріптің стандарттары және т.б.) әзірлеу, «Қазақстанның имиджін оң мазмұнмен толтыруға, сондай-ақ елдің шетелде танылуын арттыру бағытында мемлекеттік тапсырма болған. Ал кеше Парламенттің онлайн кеңесінде ұлттық брендтер мәселесі талқыланды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ұлттық брендтерді дамыту жөнінде онлайн-кеңесте негізгі мәселелер алға қойылды. Премьер-Министрінің орынбасары өз сөзінде Қазақстан өзінің ұлттық жобалары мен брендтерін дамытуы тиіс екенін, осы арқылы елдің танымалдығы артатынын атап өтті.