20 қаз, 2022 сағат 16:21

Салтанат Тұрсынбекова президенттікке кандидат ретінде тіркелді


Бүгін Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекованы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Ол 2022 жылғы 11 қазанда Орталық сайлау комиссиясына «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі С.П.Тұрсынбекованы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын растады. Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар ұсынылған: 

- Президенттікке кандидат С.П.Тұрсынбекованың активтері мен міндеттемелері жөнінде декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы; 

- Президенттікке кандидат С.П.Тұрсынбекованың оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқ екендігі туралы медициналық қорытындысы; 

- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат С.П.Тұрсынбекованы қолдап жиналған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары. 

Осы хаттамаларға сәйкес, Президенттікке кандидат С.П.Тұрсынбекованың қолдауына Қазақстанның 18 өңірінен 119 316 азаматтың қолы жиналған. Тексеру нәтижесінде 118 434-і рас деп танылды, яғни қажетті саны қамтамасыз етілді, бұл сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% немесе 118 273-і. 

"Салтанат Тұрсынбекованы Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжат Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. 

ҚР ОСК қаулысымен Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып тіркелді, оған тиісті куәлік берілді" - делінген хабарламада.