03 сәу, 2026 сағат 11:15

Сарбаз өлімі: командирдің салғырттығы сотқа жетті


Фото: Қорғаныс министрлігі


Жамбыл облысында сарбаздың қазасына қатысты іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады.


Ведомство мәліметінше, Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімнің рота командирі қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген. Тергеу барысында оның жеке құрамның қызметін тиісті деңгейде бақыламағаны және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын қадағаламағаны анықталған.


Сонымен қатар, марқұм сарбаз Е. Рустемұлының әріптестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері де тіркелген.


Жиналған дәлелдер негізінде қылмыстық іс сотқа жолданды. Ал сарбаздың өліміне байланысты басқа да жайттарды анықтау бойынша тергеу жалғасып жатыр.


Прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге мәліметтер жария етілмейтінін мәлімдеді.


Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі сарбаз қаруды пайдалану кезінде жарақат алып, көз жұмған болатын.