03 сәу, 2026 сағат 12:28

Tesla тізгіндеген жасөспірім: елордада 14 жастағы жүргізуші ұсталды


Фото: tesla-n.ru


Елордада 14 жастағы жасөспірім басқарған Tesla көлігі полицияның назарына ілікті, деп хабарлайды Ult.kz.


Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, көлік жол ережелерін өрескел бұзған. Бұл заңбұзушылықтар бейнебақылау камераларына түсіп қалған.


Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатуға тырысқанымен, жасөспірім талапқа бағынбай, қашып кетуге әрекеттенген. Көлік салонында тағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім болған.


Полицияның айтуынша, бұл – алғашқы жағдай емес. Осы жылдың наурыз айында дәл осы көлік бірнеше рет жол ережесін бұзып, қауіпті маневрлер жасағаны тіркелген.


Қазіргі таңда көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Ал жасөспірімнің заңды өкілдері баланы тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды.