18 қар, 2022 сағат 11:38

Сайлау-2022: Мейрам Қажыкен мұнай өңдеу кәсіпорнының ұжымымен кездесті


"ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС қызметкерлері ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкенге "Сұраныс қатаң болады" деген жазуы бар қорғаныш каскасын сыйлады, деп хабарлайды үміткер штабының баспасөз қызметі.

Үгіт-насихат науқаны аясында кандидат мұнай өңдеу кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесіп, өзінің сайлауалды тұғырнамасы туралы айтып берді.

"Мен республиканың әрбір азаматының өмір сүру сапасын жақсарту және оның құқықтары мен мүдделерін сақтау үшін реформалар ұсынамын. Әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету, қызметі қауіпті және зиянды еңбек жағдайларымен байланысты қызметкерлердің ерте зейнетке шығуын бекіту, жалақының ашық және түсінікті есептелуін қамтамасыз ету қажет. Сол кезде өзгерістер көрінеді", - деді ол.

Шағын және орта бизнесті қолдау экономикалық реформалардың басты бөлімінде тұр. Мейрам Қажыкеннің айтуынша әлемнің дамыған елдерінде,негізгі жұмыс беруші - кәсіпкер болып табылады. Ал Қазақстанда мемлекеттік құрылымдардағы қызметкерлер саны көп.

Кәсіподақтарға, жұмыс берушілер/кәсіпкерлер қауымдастығына, мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл кезінде тең жағдай жасау үшін олардың мәртебесін арттыруға ерекше назар аудару қажет, деп нақтылады кездесу барысында кандидат.

"Билікті орталықсыздандыру, толыққанды азаматтық қоғам құру, құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы, Қазақстанның басқа этностарының тілдеріне нұқсан келтірместен қазақ тілін дамыту – осы міндеттердің барлығы орындалады. Сіз бұған куә боласыз", - деп сендірді Мейрам Қажыкен.

Кездесу соңында зауыт қызметкерлері үміткерге "Сұраныс қатаң болады!" деген жазуы бар каска сыйлады.

"Президент болған кезде, сіз баратын алғашқы кәсіпорын біздің мұнай өңдеу зауыты болады деп уәде беріңіз. Сізге денсаулық, сәттілік тілейміз! Іске сәт! Біздің зауытты еске алып тұруыңыз үшін қорғаныс каскасын сыйлағымыз келеді", - деді кәсіпорын қызметкері.

Айта кетейік, "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС құрамына "ПетроҚазақстан" мұнай компаниялары тобы кіреді, олардың акционерлері "Қытай Ұлттық мұнай корпорациясы" және "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы болып табылады.