30 сәу, 2020 сағат 12:05

Сенатта бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға қатысты құжат қаралды

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде бейбіт жиналыстар мен митингілер өткізу тәртібі туралы» қолданыстағы Заңның қабылданғанына 25 жыл өтті. Осы жылдар ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласында үлкен өзгерістер болды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес. 

Қоғамның сұранысына сәйкес, бейбіт жиналыстар арқылы өз ұстанымын білдіру үшін азаматтардың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту қажеттігі пайда болды»,- деді ҚР Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев. 

Оның сөзіне қарағанда, сондықтан мәселе қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу туралы ғана болып отырған жоқ, бұл барлық бейбіт жиналыс түрлерін ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа заң жобасы қамтып отыр. 

«Біз АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Жапония, Сингапур, Швеция және Ресей сияқты елдердің осы аталған саладағы заңнамаларын мұқият зерделедік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елдері бейбіт митингіні ұйымдастыру және өткізуде басты басымдықты қоғамдық қауіпсіздікке береді. Біз қоғамдық пікірді, соның ішінде әлеуметтік желілерді зерделедік, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік», - деді министр. 

Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталған министр, біріншіден, бейбіт жиналыстардың негізгі қағидаттары заңнамалық деңгейде енгізілуде. Осы орайда зорлық-зомбылықсыз сипат; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету; қатысу еріктілігі ескерілген. 

Екіншіден, заң жобасына түсінік аппаратын енгізу. Қазіргі қолданыстағы заңның кемшілігінің бірі – бейбіт жиналыс нысандары нақты регламенттелмеген. Осыған байланысты заң жобасында түсінік аппаратын енгізу ұсынылады. Бұл митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді. 

Құжатта бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда өткізу қарастырылған. Бейбіт жиналыстар өткізетін арнайы орындарды жергілікті өкілді орган белгілейді. Мұндай орындарға бірқатар талаптар қойылған. Мысалы, қала мен ауылдардың орталығында болуы, бейбіт жиналыстың мақсатына қол жеткізуге мүмкіндіктер жасалуы, ұйымдастыруға ыңғайлы болуы, ұйымдастырушы мен қатысушылардың инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкіндігінің болуы, санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуы, бейбіт жиналысты ұйымдастырушы мен қатысушылардың және басқа да адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. 

Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.