11 қаң, 2023 сағат 10:33

Серікзат Дүйсенғазы қайтыс болған ұлының өліміне қатысты шындықты айтты

Фото Facebook желісінен алынды

Жуырда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының жалғыз ұлы Бурабайға жақын жердегі шаңғы базасында жұмбақ жағдайда көз жұмған. Ауыр қайғыдан есін енді жинаған әке баласының өліміне қатысты шындықты айтып, желіде жазба жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ассалаумағалейкум, ағайын! Күтпеген оқыс жағдайдан есті енді ғана жиып отырған жайым бар. Мұндай ауыр сынақты Алла ешкімнің басына бермесін. Қайғырғанға басу айтып, қамыққанға ақыл айтып жүрген адам болсам да, жүрекке жазылмас сызат түсті. Енді оның емі тек Алланың тура жолы, Исламның иман байлығы ғана болар. Тағдырға иман келтірген мұсылманбыз ғой. Бергеніне шүкірлік қылған Аллаға алғанына күпірлік қылмаймыз.

Алдымен осы ең қиын сәтімде құлыншағымның қайғысын бөліскен барша қазақ халқына перзенттік һәм әкелік алғысымды айтамын. Төбесіне көтерген қара орман халқым болмаса ешкім емес екенімді білемін. Алла жазса, енді қалған ғұмырымда қазағымның келешегі үшін қызмет етіп өтермін.

Мен - Президент Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесіп сөйлескен адам емеспін. Басыма қайғы түскенде оны Мемлекет басшысының бөліскенін азаматтық деп санаймын. Әлі өмірдің үлкен есігін ашып үлгермеген періште балам үшін менімен бірге қайғырып, көңіл айту хаттарын жолдаған Президент аппаратына, Үкімет мүшелеріне, депуттаттарға, облыс әкімдеріне, ректорларға, ақпарат құралдарының басшыларына, Бас мүфти бастаған дін қызметкерлеріне рахметімді айтамын. Тілек-ниеттеріңіз Құдайдан қайтсын!" - деп жазды ол.

Ақын жалғыз ұлы болған соң марқұм Әлиханның бойына ер азаматқа тән барлық қасиеттерді сіңіріп өсіруге тырысқанын айтты.

"Өзім қандай да бір жақсы ортаға барсам, ертіп апарып, көрсетіп жүретінмін. Екеуміз қолымыз бос уақытта атқа мініп, балық аулайтынбыз. Жазды күндері тауға шығып, көлге шомылсақ, қысты күндері коньки мен шаңғы тебетінбіз. Кішкентай күнінен қалаған кітаптарын сатып әперіп білімді болуға тәрбиеледік. Қазақтың халық ертегілерінен, балалар әдебиетінің озық үлгілерінен, танымдық энциклопедиялардан өзінің жеке кітапханасын жасақтадық. ​Құранның әліппесін таныту үшін екі жыл «Әзірет Сұлтан» мешітінің жазғы имандылық курстарында оқыттым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Жетінші сыныпқа дейін №48 мектеп-лицейде білім алды. Жетінші сыныпта №9 «Зерде» дарынды балалар мектебіне қабылданды. Сол мектептің мықты ұстаздарының арқасында бойындағы ғалымдық қабілеті ашылды. Физика, информатика, робототехника салалары бойынша өткен қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жиырмадан аса сайысында олжа салды. Жоғары математика мен физиканы жақсы меңгерді. Тіпті, оның жасаған өнертапқыштық жобаларын өткен жазда ​ «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп, эфирден көрсеткенін енді ғана біліп отырмын. Маған ол туралы өзі айтқан жоқ. Мақтанғанды ұнатпайтын. Арманы Никола Тесла сияқты инженер-өнертапқыш ғалым болу еді. Алдағы ақпан айында жиырма үш мемлекет қатысатын халықаралық «Жәутіков» олимпиадасының оқу-жаттығу дайындығынан толық өткен-тұғын. Енді медаль әкеледі деп күтіп жүргенде осындай жағдайға душар болдық" - дейді қайғыға душар болған шайыр.

Серікзат Мақсұтұлының жазуынша, ол Әлиханның тәп-тәуір ақын болғанын да ұстаздары жіберген өлеңдерінен таныған.

"Бұрынырақта балаң өлеңдер жазып жүргенін білетінмін. Өлеңді қазақша да, орысша да жазатын. Әсіресе, орыс тілі мұғалімі жіберген кейінгі өлеңдерінен қалыптасқан ақынның қолтаңбасын көріп аң-таң болып отырмын. Ол өлеңдерді кейінірек осы желіге саламын.

Баламыз шаңғыдан оқыс жағдайда опат болды десек те кейбір тұстары бізге әлі күңгірттеу болып тұр. Ол шаңғыны өте жақсы тебетін. Ағашқа қандай жағдайда соғылғаны беймәлім. Сол соңғы рет тауға көтеріліп бара жатқанын анасы түсірген видео бар. Ары қарай не болғанын біз білмейміз. «Елікті» шаңғы базасының қызметкерлері бір жарым сағаттай құлаған баланы таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей ​ тығып ұстағаны көкейге күдік ұялатады. Сондықтан оқиға болған сәтті көрген куәгерлерді іздеп жатқанымыз рас. Иә, баламыз енді қайтып оралмас. Бірақ басқа адамдар да біздің күйімізді кешпесе екен деп алаңдаймыз. Себебі, шаңғы базасында ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Мыңдаған адам сырғанап жатқан жерде алғашқы көмек көрсететін дәрігерлері де жоқ. Ол былай тұрсын, баласын жоғалтып шырылдаған ата-анаға ешкім жауап бермей, бір-біріне сілтегенін қалай түсінеміз? Сол «Елікті» ештеңе болмағандай әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Біздің елде адамның құны жоқ екені, ешкім ештеңеге жауапты емес екені осыдан-ақ білінбей ме? Сондықтан біздің мемлекеттік органдар осындай демалыс орындарының техникалық қауіпсіздігін тексеру керек деп санаймын. Оны бұқаралық ақпарат құралдары түсіріп, халыққа жариялау керек. Онсыз да ат төбеліндей аз қазақпыз. Қырып тастай беретін артық адам жоқ бізде! Алла Тағала қара орман қазағымды аман қылсын! Кішкентай Әлиханымның жетпеген ұлы арманына жететін ұрпақ көп болуын тілеймін!" - деп сөзін аяқтады ақын.