06 нау, 2024 сағат 13:33

Сейсмостанцияларды музейге де қабылдамайды — депутат Сейсмология институтының жайын айтты


Бүгін Парламенттің төменгі палатасында өткен отырыста депутат Бақытжан Базарбек Сейсмология институтын Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек деп мәлімдеді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.

«Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлері бейшараның күнін көріп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбады. Ғылыми жобаларын министрлікке жіберсе, қайтарып жіберіп жатыр екен. Оларды бүткіл қаржыландырудан кесіп тастады. Қажет десе, олар айлығын да алмайды. Міне сондай дәрежеге жетіп отыр! Сейсмостанциялардың өзі қаңылтыр темір, оны музейге де қабылдамайды. Сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі осындай қазір», - деді Б. Базарбек.


Депутат Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына қарайтын Сейсмология институтын Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек екенін айтып, министр Саясат Нұрбектен пікірін сұрады.

Өз кезенгінде Ғылым және жоғары білім министрі депутаттың пікірін қолдайтынын айтты.

«Оларда толыққанды қаржыландыру да жоқ. Салалық принциппен кеткендерді біз де ішкі процедураларын қолдауға құқығымыз жоқ. Қайтарылса қарсы болмаймыз. Бірақ биыл үлкен нысаналы-бағдарламалы грант беріп отырмыз. Сейсмология институтына 3,5 млрд теңге көлемінде бекітілді. Қазір олардың бүкіл заявкаларын біз пысықтап, олармен бірге министрлікпен бекітіп, келесі Жоғары техникалық комиссияның Үкімет жанындағы отырысына шығарып отырмыз. Менің жеке пікірім берілгені дұрыс болады», - деді Саясат Нұрбек.