Фото: ҚР МАМ
«Шаңырақ күні» аясында негізгі іс-шаралар елордада және өңірлерде өтіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Астанада колледж студенттеріне арналған 1000 орындық жаңа жатақхана ашылмақ, «Бәйтерек» монументі жанында ұлттық стильде 50 отбасының неке қию салтанаты ұйымдастырылады, Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 3000 оқушының қатысуымен флешмоб және «Алтын асық» ойыны өткізіледі, ал Музыкалық жас көрермен театрында 18 отбасылық жұптың қатысуымен «Бақытты шаңырақ жыры» атты кеш өтеді.
Шымкент қаласындағы «Арбат» аумағында жасанды интеллект бойынша оқыту және интерактивті іс-шаралар, викториналар мен зияткерлік ойындар, сондай-ақ «Робо-шаңырақ» атты отбасылық байқау ұйымдастырылуда.
Ақмола облысында Бурабай ауданында жас отбасылардың неке қию рәсімдері және аудандық «Наурыз-Party» фестивалі өтуде. Қостанай облысында «Наурыз достарын шақырады» VII халықаралық хореографиялық өнер фестивалі, Солтүстік Қазақстан облысында «Наурыз аулаларда» акциясы, Қарағанды облысында отбасылық фестивальдер, «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге» байқаулары және тақырыптық мәдени кездесулер ұйымдастырылуда.
Маңғыстау облысында үлгілі отбасыларды насихаттайтын іс-шаралар, жасанды интеллект бойынша шеберлік сағаттары және дрон-футбол турнирі өтуде, ал Ақтөбе облысында «Наурыз – Базарлық» акциясы мен «Роза шақырады» концерті ұйымдастырылмақ.
