26 қыр, 2016 сағат 20:02

“Шешімдер орындалғанда ғана сот беделі артады”

Аталған шараға Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар өкілдері және бірнеше шет мемлекеттен келген халықаралық сарапшылар қатысты. Құттықтау сөзінде Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров былай деді: «Азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру сот актісін орындаудың қисынды аяқталуы болып табылады. Процесті ұтқан  және өз құқығын сот тәртібімен қорғаған адамдар үшін сот шешімін орындаудың соңғы нәтижесі маңызды. Әрбір орындалмаған сот шешімі бүкіл сот жүйесі жұмысының тиімділігіне қатысты әділдіктің салтанат құратындығына күмән келтіреді. Сот беделі оның шешімдерінің мүлтіксіз орындалуымен құнды Ал сот беделінің ар жағында мемлекет беделі тұр».

Жеке сот орындаушыларының құзы­ретіне мемлекет мүддесі үшін іске асырылатын қоныс аударту, бұзу, жер учаскелерін алып қоюға қатысты кейбір ерекшеліктерді қоспағанда, орындау құжаттарының неғұрлым көп екендігі де ерекше аталды. «Сонымен бірге, мемлекет жеке сот орындаушылары қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі қажетті шараларды жасауда, жеке деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылықты сөзсіз  белгілей отырып, жеке сот орындаушыларының мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне қол жеткізуі де осындай мақсат­ты көздейді», деді Бектас Әбдіханұлы. Төраға орынбасары бұл ретте жеке сот орын­даушылары олардың қызметінде коллекторлық ұйымдардың жағымсыз жұ­мыс тәсілдерін қолдануға болмайтынын есте ұстауы тиістігін де ескерте кетті.

Қазіргі кезде елімізде 1286 жеке сот орын­даушысы жұмыс істеуде. Жеке сот орын­даушылары институтының құрыл­ғалы бергі бес жыл ішінде айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілген. 2016 жылғы мәлімет бойынша бүгінгі таңда жеке сот орындаушылардың өндірісінде құны 1,9 триллион теңге болатын бір жарым миллионнан астам атқару құжаты бар екен. Оның басым бөлігі банк пайдасына өндіруге қатысты. Ал атқару құжатының 70 пайызы мемлекет мүддесіне өндірумен байланысты.

Биыл Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының Халықаралық сот орындаушыларының одағына мүшелікке қабылданып отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан отырыста Халықаралық сот орындаушылар одағының президенті Франсуаза Андрие ханым сөз алып, Ұйым құрамында 88 мүше ел бар екендігін тілге тиек ете кетті.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»