04 жел, 2023 сағат 15:36

Шымкентте қазақстандықтарды 56 млн теңгеге алдаған әйел сотталды

Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте қазақстандықтарды 56 млн теңгеге алдаған әйел сотталды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

34 жастағы алаяқтықтың құрбаны болғандардың қатарында Тараз, Түркістан облысы және Шымкенттің 53 тұрғыны бар.

Арам пиғылды азаматша оларды электроника дүкендерінің бірінің филиалдарынан тауарлық несие алуға көндірген. Қарызды төлемеуге болатынын жеткізген ол бұл сауда нүктелері жақын арада жұмысын тоқтатып, толығымен жабылады деп сендірген. Аферист әйел несиеге рәсімделген электрониканы "құрбандарынан" жарты сомасына сатып алып отырған.

Алаяққа ұрынғанын сенгіш азаматтар ай сайынғы төлем туралы ескерту-хабарлама түскен кезде бір-ақ білген.

"Бұл жайт бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Ұсталған азаматшаның кінәсін дәлелдейтін айғақтарды жинап, тергеушілер қылмыстық істі сотқа жіберді. Сот үкімімен оған 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды" - делінген хабарламада.