09 нау, 2022 сағат 15:48

СҚО-да төрт адам ақталды


Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтау ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Жарлық шығарған болатын. Құрылған комиссия өңірлерді аралап, барлық өңірде солақай саясаттың құрбаны болғандардың ақтау жөнінде келелі жиындар өткізіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Оның бірден бір көрінісі бүгінге дейін СҚО-да төрт адам ақталып үлгерді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ал жалпы елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау Тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ қолға алынған. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданса, 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.

Президент жарлығымен құрылған комиссия әр өңірде жеке-жеке жұмыс істеп, том-том тарихты ақтаруды, өткенді қайта жаңғыртуды бастап та кеткен. Дәл осындай мақсатта бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында жеті топ жұмыс істеп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығметовтың айтуынша, облыста құрылған деті топ мыңдаған адамның құжатын көтеріп, деректері тексерген.

«Өздеріңізге белгілі, Президент жарлығымен еліміз бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтау ақтау үлкен комиссия жұмыс істеп жатыр. Біздің облыста да жеті топ құрылып, егжей-тегжейлі жұмыстар атқарылуда. Құрылған жеті топтың әрқайсының өз бағыты, өз міндеті бар. Барлығының қалауы - мейлінше көп мәлімет табу, барынша көп қуғын-сүргін құрбандарын ақтау», - дейді әкімнің орынбасары.

Тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде тағдырдың тәлкегіне ұшыраған төрт адам ақталды, әрі жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай да біршама жұмыстар атқарылғаны белгілі. Ал Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, өңірде 8 мыңнан астам адамның сотталғанын анықталған. Оның 200-ден астамы 58-ші баппен сотталса, анықталғандардың алты мыңнан астамы ақталмаған.

«Бүгінгі күні конфискацияға ұшыраған байлардың қай жерден кеткені анықталып отыр. Сыммен оралған арнайы концлагерь болған. Ол Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылының жанында орналасқан. Және де М.Жұмабаев ауданындағы Александровка селосында арнайы коммендатура құрылған. Аталмағандардың ішінде ірі байлардың тізімі бар. Жер аударылған кулактардың тізімі бар. Депортацияланған адамдардың да құжаттарын қарап отырмыз», - дейді Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Ғалымдар мен комиссия мүшелерінің айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын табу оңай емес. Олардың көбісі ауылдарда ұсталып кете барса, қазір ол ауылдардың басым көпшілігі жойылып кеткен. Ал соның себебінен құрбандардың ұрпақтарын табу одан әрі қиындай түсіп отыр. Дегенмен, Президент Жарлығын орындау үшін комиссияның әрбір мүшесі тыңғылықты жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау Тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ қолға алынған. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданса, 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Ал осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтау ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Жарлық шығарған болатын. Құрылған комиссия өңірлерді аралап, барлық өңірде солақай саясаттың құрбаны болғандардың ақтау жөнінде келелі жиындар өткізіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді.