04 сәу, 2024 сағат 13:44

СҚО-ға көмекке келген Түркістан облысының құтқарушысы қайтыс болды


Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі


Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына су тасқынымен күреске көмекке келген түркістандық құтқарушы - азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


2 сәуірге қараған түні 45 жастағы Бекжан Балданов Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың реанимация бөліміне түскен. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Өлімге жіті миокард инфарктісі себеп болған.

Ер адам Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайрам ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі болып еңбек еткен. 


Бекжан Балданов Тайынша қаласына 1 сәуірде Түркістан облысының күштері мен құралдары тобының құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсету үшін келді. Сол күні кешке өзін нашар сезініп, кейін ауруханаға түскен. Петропавлдағы ауруханаға жатқызу үшін санавиациямен жеткізілмек болған. 


«Төтенше жағдайлар министрлігі, Төтенше жағдайлар департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі командирдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтады», - делінген хабарламада.