24 ақп, 2023 сағат 16:30

Танымал музыкант Darkhan Juzz қайтыс болды

Фото: the-steppe.com

Танымал қазақстандық музыкант, талантты әнші, әрі рэпер Darkhan Juzz (шын есімі – Дархан Жүнісбеков) қайтыс болды. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады.

"Таиланд полициясының ақпараты бойынша, 24 ақпанда Пхукет аралында Қазақстан азаматы Дархан Жүнісбеков қайтыс болды. Ол жалға алған мопедімен жол апатына түскен. Консул марқұмның туыстарымен байланыста. Мәйітті Қазақстанға жіберу үшін қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - дейді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Дарынды жастың өмірден озуына байланысты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин да көңіл айтып, желіде жазба қалдырды.

«Қаралы хабар естігенде төбемізден жай түскендей болдық. Дарынды әнші Darkhan Juzz (Дархан Жүнісбеков) өмірден өтіпті. Дархан қазіргі заманғы қазақ музыкасының жарқын өкілі еді. Жарқырап жанып келе жатқан жұлдыздың мезгілсіз ағып түскені қабырғамызды қайыстырды. Еліне бергенінен берері көп, қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосатын азамат болатын. Амал нешік, ажал оны арамыздан ерте алып кетті. Алдың жарық, топырағың торқа болсын, Дархан! Сенің жарқын бейнең өнеріңді қадірлейтін жұрттың жүрегінде мәңгі сақталады!», - деп жазды ол Instagram парақшасында.

Музыканттың Instagram-дағы ресми парақшасында соңғы жазба былтыр 17 қыркүйекте жарияланған.

Darkhan Juzz (Дархан Жүнісбеков) 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп орындаушы, бірқатар әннің авторы және саунд-продюсер еді.

Дархан ән шығарумен 14 жасынан бастап айналысқан. Оның шығармашылығы классикалық трэпты, акустикалық гитараны және сезімтал лириканы біріктірді.