30 қар, 2023 сағат 21:45

«Таптым-ау сені»: «Айсара» өзін басқа қырынан таныта алды ма?



Алматыда актриса Дариға Бадықованың алғашқы толықметражды фильмінің тұсаукесері өтті. Басты рөлдерде: Дариға Бадықова, Олжас Абай. Қоюшы режиссері – Анвар Матжанов, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Таптым-ау сені» кинотуындысының желісі бойынша, Сəуле мен Жексен (Джексон) – бір ауылда тұратын достар. Екеуі бала кезде бокс секциясында танысқан. Қымызды қалаға апарып сатумен айналысады. Сəуле люлькасы бар мотоцикл айдайды. Жексеннің əжесі үйленбей жүрген немересіне қыз тауып бер деп Сəулеге бұйымтайын айтады. Сəуле көмектесуге келіседі. Сөйтіп екі дос әртүрлі қызыққа тап болады.

«Таптым-ау сені» фильмі – актриса, продюсер Дариға Бадықованың продюсерлік еткен алғашқы туындысы. Түсірілім тобында 50-ге жуық кино маманы қызмет етті. Оның ішінде NOMAD STUNTS халықаралық кәсіби каскадерлер тобының мүшелері де бар. Сондай-ақ бұл кинода Нұргүл Даубаева, Салтанат Құдайберген, Әлихан Ыдырышева, Жазира Еркін, Әсел Асқар, Гүлмира Жакилина, Асхат Үрпеков сынды актерлер өнер көрсетті. 

Түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Таутүрген, Түрген, Қаракемер ауылдарында өтті. Түсірілім жұмыстары 22 күнге созылған. Оған қоса бір ай дайындық кезеңі мен постпродакшн уақыты бес айға созылды.

Сондай-ақ «Таптым-ау сені» киносының саундтрегі арнайы жазылды. Ақберен Елгезектің сөзіне, композитор Талғат Лестің әніне жазылған орындаушы Ғазизхан Шекербековтың «Сезім үшін» әнін Дариға Бадықова мен Олжас Абай жаңаша орындап шықты. Бұл ән әлеуметтік желіде кең таралып, YouTube-та 10 000 000 қаралым жинады.

1 желтоқсаннан бастап үлкен экранға жол тартатын «Таптым-ау сені» фильмін продюсер қарыз алып, тәуекел еткен.

«Бұл туындыны екі құрбымнан қарыз алып түсірдім. Сіздерден ештеңе жасырмаймын. Бұл фильм әкемнің рухына арналады. Продюсер болғанымды әлі сезінбедім. Менде «продюсер болдым, өзімді бір басқаша ұстайын» деген нәрсе жоқ. Өзімнен кішілерге кәсіби жұмыс істеуді, сапалы өмір сүруді үйреткім келеді. Бұл фильмді қатты уайымдаймын. Осы туынды арқылы жүрегімнің түбіндегі бір дүниені шығарғандай болдым. Бұл әр әйел затының тұрмыс-тіршілігінде кездесетін жағдай. Фильм түсірудегі мақсатым - ақша табу емес. Өзімді басқа образда көрсеткім келді. Әйтпесе, 7 жыл бойы «Келінжанмен» танылдым ғой. Әйелдің рөлінен еркекшора рөлге өту оңай болмады. Төрт күн бойы түсірілім алаңында күлкіге қалдым. Маған ешкім сенбеді. Көңіл-күйім түсті. Режиссер, оператор дегендердің бәрі сырттан бақылаушылар ғой. Ешкім ұнатпайды, режиссер тіпті уайымдады. Қатты уайым болды. Бірақ мен жақсы тәсіл таптым. Өзімді ұжымға, Олжасқа толық сеніп тапсырдым. Көп сөйлемеуге, қабағымды түйіп жүруге тырыстым», – деді Дариға Бадықова.