Фото: Видеодан скрин
Таразда кәсіпкер мал өлекселері тасталатын қауіпті аумақты адам жерлейтін қорымға айналдырған. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызып, мамандар мен депутаттар дабыл қағуда. Бұл туралыі КТК арнасы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, биотермиялық қалдықтар төгілетін аумақты жерлеу рәсімдерімен айналысатын серіктестік рұқсатсыз пайдаланып келген. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, зиянды қалдықтардан түрлі қауіпті аурулардың тарау қаупі бар екені айтылуда.
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Жанар Бүркітбаева бұл жағдай санитарлық талаптарға мүлде қайшы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, заң бойынша мұндай нысандардан кемінде бір шақырым санитарлық аймақ сақталуы тиіс. Алайда аталған жерде бұл қашықтық 100 метрге де жетпейді.
Ветеринар мамандар да қауіптің жоғары екенін ескертті. Биотермиялық қалдықтар жоғары температурада қызып, кейін шіриді. Сондықтан мұндай аумақта мал жаюға да, адамдардың жүруіне де тыйым салынған. Ал қалдықтарды тек арнайы қорғаныс киімі бар мамандар ғана көмуі керек.
Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының өкілі Талғат Қожабергенов кейін салынған зираттар 2025 жылдың соңынан бастап пайда болғанын айтты. Қазір бұл іске кімнің жауапты екені мен жердің кімге тиесілі екені анықталуда.
Ал жерлеу қызметімен айналысатын серіктестік басшысы Қадырхан Абдуллаев бұл аумақты тұрғындардың сұрауымен пайдаланғанын айтып, қажетті рұқсаттарды енді рәсімдеуге кіріскендерін жеткізді. Соған қарамастан, тиісті құжатсыз шамамен 30-ға жуық адам жерленіп қойған.
Қала әкімдігі мәселені тексеру үшін арнайы жұмыс тобын құратынын мәлімдеді. Егер кәсіпкердің жерді заңсыз пайдаланғаны дәлелденсе, оған ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы аумағында құрылыс алаңынан адам сүйектері табылып, тұрғындар инфекция тарау қаупіне алаңдаған еді.
