Фото: revvy.ai
Шығыс Қазақстан облысында прокуратура енгізген «URPAQ» чат-боты арқылы жасөспірімге қатысты болуы мүмкін зорлық-зомбылықтың алдын алу фактісі тіркелді, деп хабарлайды Ult.kz.
2024 жылдан бері іске қосылған жоба балалар мен ата-аналарға буллинг, зорлық-зомбылық және өзге де қауіп-қатерлер туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, сәуір айында @VKO_URPAQ_BOT чат-ботына кәмелетке толмаған бала өзіне қатысты ықтимал физикалық зорлық әрекеті жоспарланғаны жөнінде хабар берген.
Оқиғаға байланысты Тарбағатай ауданының прокуратурасы мен полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, жағдай дер кезінде бақылауға алынған. Соның нәтижесінде жанжалдың ушығуына жол берілмеді.
Қазіргі таңда жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушылық жасауға оқталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Қатысушылармен профилактикалық және психологиялық жұмыстар жүргізілді.
Прокуратура «URPAQ» телеграм-боты тәулік бойы жұмыс істейтінін және кез келген қауіп туралы хабарлауға болатынын еске салды.
