Фото: egemen.kz
Жасанды интеллекттің кеңінен енгізілуі Қазақстанның еңбек нарығына айтарлықтай өзгеріс әкелуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, алдағы жылдары кейбір мамандықтар бойынша жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал, деп хабарлайды Ult.kz.
Вице-министр Ербол Тұяқбаев Сенатта өткен брифингте бұл процесс енді ғана басталып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, еңбек нарығына болжам жасайтын Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректеріне сәйкес, алдағы 10 жылда жасанды интеллекттің әсерінен шамамен 300–400 мыңға дейін жұмыс орны қысқаруы мүмкін.]
Бұл өзгеріс негізінен көмекші персонал, бухгалтерлер, заңгерлер және адамның тікелей қатысуын аз қажет ететін мамандықтарға қатысты болуы ықтимал.
«Осындай бағыттар бойынша шамамен 300–400 мың жұмыс орны есептелді. Сондықтан қазір қайта даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 186 мың адам жаңа мамандықтарға оқытылды. Бұл жұмыс барлық өңірде қатар атқарылуда», – деді вице-министр.
Министрлік еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу үшін қайта оқыту бағдарламаларының кеңейтіліп жатқанын мәлімдеді.
