22 қаң, 2022 сағат 16:18

Тәртіпсіздіктер кезінде 45 мемлекеттік ғимарат зардап шеккен - министр


Тәртіпсіздіктер кезінде залал келген мемлекеттік органдардың 15 ғимаратына күрделі жөндеу қажет.

Бұл жайында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімет таратты. 

Оған сәйкес, ҚР Президентінің Алматыдағы резиденциясын ҚР Президентінің Іс басқармасы қалпына келтіреді. 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өткізген селекторлық жиында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев еліміздің 8 өңіріндегі тәртіпсіздік кезінде бірқатар ғимараттар, оның ішінде мемлекетке тиесілі 45 ғимарат зардап шеккенін хабарлады. 

«ҚР Президентінің Іс басқармасы жоспарлы түрде қалпына келтіретін Президенттің Алматыдағы резиденциясын қоспағанда, қазіргі уақытта барлық мемлекеттік нысандар бойынша техникалық тексеру жүргізілді. 45 мемлекеттік нысанның 15-і күрделі жөндеу мен қайта жаңартуды, қалған 30 ғимарат ағымдағы жөндеуді қажет етеді», - деді ҚР ИИДМ басшысы. 

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 4 нысанда қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қалғандары бойынша сметалық және жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді.