31 нау, 2026 сағат 12:56

Ақтөбеде әнші Qarakesek сот үкімін орындап, көше тазалауға кірісті

 

Фото: әлеуметтік желіден


Ақтөбе қаласында лақап аты Qarakesek ретінде танымал әнші Омар Амантаев сот үкімін орындап, көше тазалаушы болып жұмысқа кірісті, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, сот үкімі Алматы ауданы әкімдігіне түскен соң, Омар Амантаевты мердігер компания Damu Life ЖШС-не бағыттаған. Компания саябақтар, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолын тазалаумен айналысады.

 

Компания басшысы Жандос Ерекешовтің айтуынша, әнші Наурыз мерекесінен кейін жұмысқа кірісіп, белгіленген 100 сағатты орындауға кірісті.

 

"Ол көше тазалаушы болып жұмыс істеп жатыр. Біз Ақтөбе қаласының Заречный тұрғын алабында жұмыс істейміз. Аялдамаларды, саябақтар мен жолдарды тазалаймыз", – деді Ерекешов.

 


Еске салсақ, былтыр күзде Ақтөбеде ескірткіге мас күйінде көлік басқарған рэп орындаушы Qarakesek ұсталған. Ол 15 тәулікке қамалып, 7 жыл бойы көлік жүргізе алмайды. Сонымен қатар, есірткі құралдарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.