21 мам, 2025 сағат 13:41

Техноревалюция: Google соңғы жетістіктерін таныстырды

Фото: aigptjournal.com
20 мамырда өткен Google I/O 2025-те компания жасанды интеллекті қолданудағы таңқаларлық жаңалықтарын жайып салды. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Шарада жаңа робот таныстырылмаса да, Gemini, Veo 3, Image 4 және Android xr платформалары сөзсіз жаңалық болды. Екі сағаттық таныстырылымда Google жасанды интеллекті іздеу функциясына, қолданбаларға және құрылғыларға біріктіру жоспарлары айтылды. 

Баршаға арналған AI Mode

Google Search жүйесінде жаңа AI Mode қосымша пайда болды. Ол іздеу Gemini чат-боты арқылы жүзеге асады. Енді бұл функция АҚШ-тағы барлық пайдаланушыларға қолжетімді.

Бұл — дәстүрлі іздеу жүйелерімен бәсекелесу бағытындағы қадам, өйткені Google енді жауаптарды әңгімелесу формасында ұсынады. Компанияның айтуынша, қазір пайдаланушылар бұрынғыға қарағанда 2–3 есе ұзақ сұрақтар қоятын болған.

Мұндай іздеу жүйесі Gemini-ге негізделген, ол сұрақтардың жауабын жылдамырақ әрі дәлірек талдайды. Қазіргі кезде бұл мүмкіндік АҚШ-пен шектелген, бірақ таныстырылым барысында AI Mode жақын уақытта кеңінен қолжетімді болады деген жоспар бар екені айтылды.

AI Ultra — Google ұсынған жаңа қымбат ІІ тарифі

Айына 250 доллар (130 мың теңге) тұратын жаңа AI Ultra тарифі жетілдірілген Gemini модельдеріне, жоғары лимиттерге және жаңа мүмкіндіктерге ерте қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, жазылушылар үшін Gemini-ді Chrome және Project Mariner-ді пайдалану мүмкіндігі ашылады.

Фото: Sabrina Ortiz/Getty Images

Google Meet және дереу аударма

Google Meet нақты уақыт режимінде сөйлесуді аударатын жаңа функцияны іске қосты. Яғни әр түрлі тілде сөйлесіп отырған адамдар бірін бірі кедергісіз лезде түсіне алады. Қазір бұл мүмкіндік AI Pro және Ultra жазылым иелеріне арналған бета-нұсқада қолжетімді. Қазіргі уақытта тек ағылшын тілінен испан тіліне аударады. Алайда бұл функция қазірдің өзінде лезде қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Болашақта Google осы мүмкіндікті беретін тілдердің тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Аударма бірқалыпты жұмыс істейді екен, себебі диалогта барынша аз кідіріс болуы керек деген мамандар, бұл табиғи қарым-қатынас үшін өте маңызды екенін айтады. Мұның барлығы интернетпен байланыстың жақсы болуына байланысты.

Project Starline орнына — Google Beam

2021 жылы таныстырылған Project Starline қазір Google Beam деп аталады. Бұл — жарық өрісі дисплейі мен алты камерасы бар құрылғы, ол бейнеқоңырау кезінде әңгімелесушінің нақты 3D бейнесін жасайды.

Google бұл құрылғыны шығару үшін HP компаниясымен серіктесіп, алғашқы үлгілерін биылғы жылы нарыққа шығармақ. Deloitte, Duolingo, Salesforce сияқты ірі компаниялар оны кеңселерінде пайдалануды жоспарлап отыр.

Google-дың бұл технологиясы қашықтан өткізілетін кездесулерді бетпе-бет сөйлескендей шынайы етіп жеткізуге уәде береді. Құрылғы мимикаға дейінгі ең ұсақ детальдарды беруге қабілетті және нақты уақыттағы аудармасы бар Google Meet платформасын қолдайды.

Фото: Google

Gemini Chrome-да

21 мамырдан бастап Google AI Pro және AI Ultra жазылушылары Gemini-ге тікелей Chrome шолғышы арқылы қол жеткізе алады. Бұл ІІ көмекші веб-беттерді талдап, мазмұнды қысқаша қорытындылап, тіпті сайттар арасында навигация сияқты тапсырмаларды орындай алады.

Қазір бұл функция екі қолданбамен қатар жұмыс істейді, бірақ Google лимиттерді кеңейтуді жоспарлап отыр.


Балжан Жеңісқызы