01 сәу, 2026 сағат 11:01

Телефонын бұғаттаған әке: 11-сынып оқушысы сот арқылы алимент алды


Фото: Ammiac


Таразда жекеменшік мектепте оқитын 11-сынып оқушысы сот арқылы жылдар бойы өзімен араласпаған әрі материалдық көмек көрсетпеген әкесінен алимент өндіріп алуға қол жеткізді. Бұл туралы Жоғарғы сот хабарлады.


Оқушы ай сайын 68 мың теңге көлемінде оқу ақысын төлейді. Ал 2008 жылы оның әкесі екі баласына, соның ішінде осы қызына қатысты ата-ана құқықтарынан бас тарту туралы нотариалды түрде арыз жазған.


2018 жылы қыздың анасы мен ағасы қайтыс болған. Содан бері ол әжесімен бірге тұрып келеді және толықтай соның қамқорлығында. Әкесі осы уақытқа дейін ешқандай материалдық көмек көрсетпеген, тіпті қарым-қатынастан қашқақтаған. Қызы көмек сұраған кезде оның телефон нөмірін бұғаттап отырғаны да белгілі болған.


Сотқа жүгінген оқушы өзінің қаржылық қиындыққа тап болғанын айтқан. Қазіргі таңда оқу мен күнделікті тұрмыс шығындарының барлығын әжесі көтеріп отыр. Ал бар қаражат тек ең қажетті азық-түлікке ғана жетеді.


Сот отырысында әкесі талапты ішінара қанағаттандыруды сұрап, басқа некеден туған төрт баласы бар екенін және несие төлеп жүргенін алға тартқан. Алайда оның еңбекке қабілетті екені және бірнеше кәсіпорыннан табыс табатыны анықталған.


Сонымен қатар, сот шешімі шығарылар күні жауапкердің жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шыққаны және оған дейін көп ұзамай тағы төрт балаға әкелік құқықты ресімдегені белгілі болды. Сот бұл әрекеттерді алимент мөлшерін әдейі азайтуға бағытталған қадам ретінде бағалады.


Нәтижесінде Тараз қалалық соты әкеден қызы мектепті аяқтағанға дейін ай сайын 17 АЕК (66 844 теңге) мөлшерінде алимент өндіріп алу туралы шешім шығарды. Әкесі бұл шешімге апелляциялық шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.


Сот актілері заңды күшіне енді.