20 нау, 2026 сағат 13:53

Терроризмге тосқауыл: Қазақстанда 17 адамға үкім шықты

 

Фото: видеодан скрин


Биыл жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық істер аясында терроризм және экстремизмге қатысы бар 17 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Олардың бірі — Алматы қаласының тұрғыны. Ол 2017 жылы халықаралық террористік ұйымдардың құрамында соғыс қимылдарына қатысу үшін шетелге кеткен. 2025 жылы шетелдік арнайы қызметтермен бірлескен операция нәтижесінде ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Сот оны террористік әрекетке қатысқаны үшін 8 жылға соттады.

 

Тағы бір іс Көкшетау қаласының тұрғынына қатысты. Ол 2013 жылы шетелге кетіп, интернет арқылы терроризм мен діни экстремизмді насихаттаған. Бірлескен халықаралық операция барысында ұсталып, елге қайтарылды. Сот үкімімен ол 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

 

Сонымен қатар, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола және Ұлытау облыстарында террористік қылмыс жасады деген күдікпен 6 діни радикал ұсталды.

 

Бұдан бөлек, жазасын өтеп жатқан тағы 4 адамға түрмеде отырып терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген айып тағылды.

 

Тергеу мәліметінше, күдіктілер интернетте және өз ортасында экстремистік материалдар таратып, өзге көзқарастағыларға күш көрсетуге шақырған. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары бойынша соталды тергеу жалғасып жатыр.