23 қар, 2017 сағат 09:07

Тіл - ұлт жүрегінің бір бөлшегі

Қазір елімізде рухани жаңғыру мәселесіне ерекше мән беріліп жатқаны белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері ел мен жер үшін, туған тіл мен салт-дәстүр, өзге де маңызды құндылықтар үшін жасалып жатқан игілікті шаралар аз емес. Рухани жаңғыру дегенде біз тілдік жаңғыруды да ой-зердемізден өткізіп, оның басты бағыттарына мән бере қарау қажеттілігі де туындайтыны анық. Елбасы бағдарламалық мақаласында өркендеуіміз үшін тірек болатын темірқазық мәселелерді ортаға салды.

Шынымен де, жаңғыруымыз керек. Халқымыздың бойында, дүниетанымында бар құндылық­тар­ды жаңғыртуымыз қажет. Жаңғыру неден басталады? Жаңғыру ең алдымен өткен тарихыңды танудан басталады. Жоғалтқан ұлттық құндылықтарыңды табудан басталады. Жаңғырудың барша рухани болмысы тіпті ғасырларға ұласар қуат-қайнарымен де астасып жатуы да ғажап емес. Осындай тарихи сәтті басымыздан кеше отырып, ұлттық жаңғыруға тірек болатын негізгі мәселелерді де талқылап отырудың мән-маңызы ерекше болатыны сөзсіз.

Біз тарихы терең ел екенімізді әлемге танытуға тиіспіз. Әлбетте, оның барлығы тіл арқылы, өнер мен мәдениет арқылы жүзеге асады. Құдайға шүкір, біз мұндай құн­дылықтардан кенде емеспіз. Ең өкініштісі, солардың барлығын түп-түгел меңгеріп, толыққанды танып, біле алмай келе жатқанымыз. Бәріне уақыт керек. Ең бастысы – дұрыс ұйымдастырылған, түп нәтижесі баянды болатын кешенді шаралар қажет. Бағыты айқын ел, бүгін не істейтінін, ертең қандай қам-қарекет жасайтынын қапысыз білетін ел уақытша қиындықтарға мойынсұнып, бағытынан жаңылып қалмасы анық. Кейде еріксіз ойланасың, неліктен әлемдегі кейбір халықтардың тілдері соншалықты танымал, көптеген тілдердің ішінде дара тұр деп. Бірақ мұның анау айтқандай көп құпиясы немесе сыры жоқ. Ең бастысы – сол елдің, сол халықтың өзгелерден оқ бойы озық шығуында. Рухани-мәдени кеңістігін ойдағыдай қалыптастырған, барлық саланы өркениеттік дәрежеге сай дамытқан және соның барлығын өздерінің мемлекеттік тілдерінде жасаған. Осындай себептер олар­дың тіліне өзге жұрттардың зор қызығушылығын оятып келеді.

Мықты елмен кім әріптес болғысы келмейді. Кім олардың жетістік құпиясын білгісі келмейді дейсіз. Демек, ондай елдің тілін үйренуге өзгелер де талпынады. Олай болса, әрбір елдің кемел жетістігі оның тілдік факторларымен да айқындалып отырады. Тіл бар жерде ғылым бар, тіл бар жерде өркендеу бар.

Президент өз мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең бас­талды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес.

Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деп жазды. Мұндағы негізі мәселенің өзегі – бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу.

Жалпы, ХХІ ғасыр – ғаламат өзгерістер ғасыры. Дүние көз алдымызда өзгеріп, мың құбылып, түрленіп жатқаны сөзсіз. Техника, технология күрт дамып, ілгері кетті. Оның барлығы күнделікті өмірге әсерін тигізуде. Демек, бәсекеге қабілетсіз нәрселердің барлығы қайраңға шығып қалған қайықтай күй кешері хақ. Бұл орайда тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайын да ойлап қойсақ абзалырақ болар еді. Тілдің бәсекеге қабілеттілігі немен өлшенеді дейтін мәселеге келер болсақ, әңгімеміз тым әріге ұзап кетуі мүмкін. Ең негізгілеріне тоқталайық. Негізгі мәселе – тілдің өміршеңдігі, үнемі және әрдайым сұраныста болуы, қолданушылар санының көп болуы. Ғылым мен білімнің, бизнестің, технологияның, т.б. әлеуметтік салалардың тіліне айналуы.

Қазақ халқының негізгі рухани құндылық­тары тілі арқылы қалыптасып дамыды. Тіл ұлт жүрегінің бір бөлшегі. Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды. Қазір әлемді «жаһандану үдерісі» қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Бұл әрбір халықтың ұлттық мәдениетіне, оның мазмұнына айтарлықтай кері ықпал етеді. Ал тіл туралы айтар болсақ, жаһандану – ұлт тіліне де қауіп төндіреді. Демек, мұндайда біз өз тілімізді он есе, жүз есе қорғауға күш салуы­мыз керек. Қазір тіл мәселесінде жайбарақат отыратын заман емес. Мәселені тамыршыдай тап басып, кірпік қақпай, көз ілмей отыратын заман. Шекараның күзетшісі болатыны сияқты, тілге де күзетші керек. Ал түп мәніне үңіліп қарасақ, тілдің басты күзетшісі халықтың өзі болуы тиіс. Шынтуайтына келгенде, тілден асқан байлық жоқ. Бүгінгі «байлық» деп жүргеніміздің бәрі тілдің жанында жай нәрсе болып қалуы мүмкін. Өйткені тіл ұлттың басты байлығы ғой. Бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп, қазақша түсінісіп отырғанымыз қандай бақыт. Мұндайда тек-тамырдан қол үзілмейді, ұлттық жадымыз сақталады, рухымыз өшпейді, санамыз тұмшаланбайды, болмысымыз бұзылмайды.
Екінші айтатын мәселе, ХХІ ғасыр қазақ тілі үшін ең маңызды ғасырлардың бірі болып тұр. Бұл ғасырдың сынағынан аман-есен өткен соң тіліміз мәңгілік елдің мәңгілік тілі болып қала беретіні сөзсіз. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейік, кез келген тілге әр заманда, әр уақытта үлкенді-кішілі қауіптер төнетіні белгілі. Тілге төнген қауіпті алдын ала білген ел ғана өз тілін аман сақтайды. Тіл сөйлеушінің санымен ғана емес, санасымен де өлшенетінін ұмытпайық. Олай болса, сан да, сапа да дұрысталуы керек. Бала үшін ана сүтінен қымбат нәрсе болмайтыны сияқты, ұлт үшін ана тілінен қымбат нәрсе болмауы тиіс. Асылында, тіл ұлтты рухани дерттен сақтайды. Ұлттың ғұмыры тілінің ғұмырымен өлшенеді. Біз тілімізбен ғана бағалы боламыз. Ана тіліміз ғана біздің ұлттық келбетімізді қалыптастырып, сақтайды.
Мына мәселені де ескере жүруіміз керек: өзге тілде тәрбие алып өскен бала – өзге ұлттың өкілі сияқты болып шығады. Өсе келе, ондай баланың ой-санасы, жан-дүниесі, мінезі, болмысы қазақылықтан алыс болады. Демек, сол балаға тәлім-тәрбие берген әр отбасы ұлтына лайықты ұлан тәрбиелеп бере алмасы анық. Өйткені тәрбиенің ең күштісі, ең жақсысы бұл ана тілінде берілген тәрбие мен білім. Оны ешқандай технология алмастыра алмайды, орнын да баса алмайды. Тілде бәрі бар. Ұлттың сана-сезімі, болмысы, мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы, діні, т.т. Бұл құндылықтардың бәрі де тілде сақталады. Ал енді ойлап қараңыз, туған тілді ұмыту, туған тілді жоғалту орны толмас қасірет әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, тілге жана­шырлық әрқайсымыздың жүрегімізде болмайынша, бұл саладағы істеріміз көп нәтиже де бере қоймайтыны анық.

Күні кеше Елбасының Жарлығымен латын әліпбиіне көше бастауымыздың бір ғанибет тұсы да осында шығар: ана тіліміз өз дамуында бүгінгі заманның талап-тілектерін ескере келгенде бір саты, бәлкім бірнеше саты жоғарылай түсті. Ең бастысы – тарихи шешім қабылданды. Қазақ тілінің жаңа тынысы ашыла бастайтынына кәміл сенуге болады. Латын әліпбиіне көшуіміз тіліміздің даму көкжиегін кеңейтері анық. Сонымен қатар латын әліпбиінің мәселесі қоғамда белгілі бір дәрежеде қазақ тіліне деген қызығушылықты арттырды. Өйткені көптеген елдерде қолданылып жүрген латын әліпбиінің таңбасы ешкімге де жат емес. Көз үйренген таңба. Оған өзіміз күнделікті өмірде қолданып, пайдаланып жүрген техникалардың да тигізер әсері мол. Барлық жазулар, өзіміз жиі айтатын әлемдік брендтер латын әліпбиімен таңба­ла­нады. Ендігі кезекте ана тіліміздің де жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, дүниежүзілік ақпараттық кеңіс­тікте латын әліпбиінің негізінде қолданыс табатын болса, бәсекеге қабілеттілік дегеніміз осы болып шықпай ма. Қазақ тілін тар аяда ұстауға болмайды. Ол міндетті түрде өзге тілдермен ықпалдаса отырып, дамуға тиіс. Сонда ғана оның көкжиегі кең болады.

Жалпы, әр тілдің өзіне тән ішкі қуаты, күші болады. Оны кеңінен пайдаланып отырған елдер бар да, өз тілінің сан қырлы мүмкіндіктерін толыққанды жүзеге асыра алмай отырған елдер де бар. Біз бәлкім екінші топқа жататын шығармыз. Өйткені ұлтымыздың барша азаматтары өз ана тілінде 100 пайыз таза сөйлей алмай отырғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Мына мәселені де ескеруіміз керек сияқты. Сөйленбеген тіл зерттеушілер мен ғалымдар айтып жүрген «өлі тілге» айналады. Тіліңді түбегейлі ұмыту да осындайдан басталады. Қазіргі таңда өз тілін мүлдем ұмытқан, санасынан шығарып тастап, өз санасынан өзге тілге орын беріп қойған қаракөздеріміз туған тілдеріне орала ала ма? Үміт үзуден аулақпыз, бірақ мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Енді не істемек керек? Мемлекеттік тілімізді дамыта беруіміз керек. Бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарының жеткіліксіз болып жатқанын байқау қиын емес. Жекелеген зерттеушілер осы мәселеге азды-көпті көңіл бөліп, ден қойып келеді. Бірақ мемлекет тарапынан кешенді, іргелі зерттеулер жүргізілмейінше, өзекті мәселелердің шешім табуына жол аша алмаймыз. Ғылыми терминмен айтсақ, «социо-лин­гвисти­калық», «психо-лингвистикалық» және т.б.зерттеулер көптік етпес еді. Осындай бағыттар арқылы кем-кетік неде, жетпей жатқан тұстары қайсы, нені толықтырып, нені ілгерлету қажет деген сауалдарға тұшымды жауаптар табылар еді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің баса назар аударып отыруы тиіс өзекжарды мәселесі. Қабылданған заңдарды, бағдарламаларды місе тұтып жүре беруге болмас. Бүгінгідей жедел әрі тез өзгеріп жатқан өмірде көп нәрсені қазіргі уақыт, шынайы (реалды) өмір шындығымен санасып атқаруға тура келеді. Мысалы, мемлекеттік тілдің маңызын арттыру үшін оған деген қажеттілікті тудыруымыз керек. Қажеттілікті қалай тудыруға болады? Мұндай мәселелер, әрине, заңда, басқа да құжаттарда көрініс тауып, қамтыла бермейді. Оны, әдетте, біз БАҚ бетінде талқылаймыз. Өркениетті елдер ешкімнен менің тілімді үйрен, біл деп сұрамайды, өтінбейді. Ол елдерде тіл үйренуге деген зор қажеттілік бар. Көрдіңіз бе, сондай ортаға тап болған соң қажеттілікті сезінесіз. Бұл қарап тұрсақ, үлкен мемлекеттік механизм. Тілді өркендетудің тиімді жолы. Онда жүздеген ұлттар мекендейді. Ал қоғам бір тілді. Біздің елдегі жағдай бір есептен басқаша екені рас. Біз кешегі Кеңес Ода­ғының бұғауы­нан шы­ғып, өз тәуел­сізді­гімізді жариялаған елміз. Бірақ басымыздан өткен кезеңдер­ден қалған түсінік, бойымызға сіңген менталитет өзге де құндылықтар қазақ тіліне деген әртүрлі көзқарастар легінің пайда болуына әсер етті. Бұл енді тарихи тұрғыдан талдайтын мәселе болған соң, әзірге ол жағына бармай-ақ осымен шектелейік.

Бүгінде мемлекеттік тілдің маңызын көпшілік түсініп қалды деп айтуға негіз бар. Себебі қазақ тіліне деген ықылас пен ниет бұрынғыдай емес. Әсіресе, жастардың арасында бұл үрдіс жақсы қолдау тауып жүргенін байқаймыз. Осы ретте бір мысалды айта кетсем. Жуырда әлеуметтік желіде сол жас азаматтар бір-біріне үндеу тастап, «қазақша сөйлесейік, ұялмайық, акцентпен болса да сөйлейік» десті. Аталған бастама тіл үйренуге ниеті бар, азды-көпті қазақша білетін, бірақ таза сөйлей алмағаннан кейін белгілі бір дәрежеде сонысынан қысылып-қымтырылатын, сонымен қатар орысша араластырып сөйлейтін азаматтардың арасында кеңінен насихатталып, игілікті сипат алды. Мұндай бастамаға өзге ұлт өкілдері де атсалысып, қазақша сөйлесейік деген ойларын білдірді. Бейнежолдауларды тыңдап отырып, қазақ тіліне деген құрметтің артып келе жатқанына көзіңіз жетеді. Жастар қауымы табиғатынан бастамашыл, ортаға жақсы идея, өміршең ұсыныс тасталса оны жалғастырып әкететін қасиетімен ерекшеленеді емес пе?! Осындай көзқарас қазақ тілінде сөйлеуге шақырғанда айқын көрінді. Бұл нені білдіреді? Бұл қоғамда мемлекеттік тілге деген азаматтық сананың өсіп келе жатқанын білдіреді. Кейбіреулердің «Мен осы елде туып-өстім, осы елде білім алдым, демек, мен қазақ тілін білуім керек» деген сөздері патриоттық сана-сезімнің қалыптаса бастағандығының да бір белгісі.

Қазақ халқының негізгі рухани құндылық­тары тілі арқылы қалыптасып дамыды. Тіл ұлт жүрегінің бір бөлшегі. Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды. Қазір әлемде «жаһандану үдерісі» қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Бұл әрбір халықтың ұлттық мәдениетіне, оның мазмұнына айтарлықтай кері ықпал етеді. Ал тіл туралы айтар болсақ, жаһандану – ұлт тіліне де қауіп төндіреді. 

Кез келген адам тіл үйренгенде оның алдында орыстілділер айтатындай, «психологический барьер» болады. Яғни, тілді жаңадан бастап үйреніп жүргендіктен сөйлеуге деген сенімсіздік туындайды. Қазақ тілінде де солай. Сөйлеуге ниетті азаматтар қатары көп, бірақ «таза сөйлей алмаған үшін» таза сөйлейтіндердің тарапынан сынға ұшырайды. Сосын сөйлеуді мүлде қойып кетуі де мүмкін. Мұндай жағдай болмас үшін қазақша сөйлеуге деген ниеті мен талпынысы бар азаматтарды кеудесінен итермей, қайта қолдап, қолпаштап отыру көзқарасын қалыптастыруымыз керек тәрізді. Бәлкім, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылса, мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың қатары еселеп артуы да бек мүмкін. Мәселен, ағылшын тілін барлығы бірдей дәрежеде сөйлейді деп айту қиын. Біреуі жақсы, біреуі орташа, орташадан төмен болса да, осы тілде сөйлеп жүргендер көп. Одан ағылшын тілі қанатын кеңге жайып отырғанын көріп отырмыз. Демек, қазақ тілін үйренушілерге деген қарым-қатынас дұрыс болуы керек. Ондайлардың сөйлеудегі кемшіліктерін бетіне басып, меселін қайтарып тастауға асықпаған абзал. Қазір біз үшін әрбір сөйлеуші маңызды. Осындай қадам арқылы ғана біз тіліміздің мәртебесін көтеріп, биіктетеріміз анық. Ал тілді меңгергеннен кейін оны әрі қарай жетілдіру, ұштай түсу – басқа мәселе. Ол өз уақытымен бола беретін үдеріс.

Қазір біз ана тілімізге, оның келешек тағдырына, болашағының баянды болуына ерекше жанашырлық танытып отырғандаймыз. Себебі ұлттың тілсіз болмайтынын, тілсіз өмір сүруі мүмкін емес екенін кез келген саналы азамат түсінері анық. Осындайда жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тек кез келген басшы ғана емес, кез келген азамат тіл тағдырын мемлекет тағдырымен астастыра қарауға үйренуі қажет» деген сөзі ойға оралады. Алға қарай қарышты қадам жасаған мемлекеттің де өз мемлекеттік тілі қажетті талап деңгейінде өркендемесе, бұл да сол мемлекеттің ілгері жылжуына, толыққанды әрі төрт құбыласы түгел ел атануына айтарлықтай зор мүмкіндіктер туғызбайтыны сөзсіз.

Кез келген мәселеге бүгінгі және келешек уақыт тұрғысынан қарауға болады. Олай болса, біз өз тіліміздің тағдыр-талайына бейжай қарай алмақ емеспіз. Бұл – шындық. Турасын айтқанда, тіл – халықтың өзегі, болмысы, байлығы. Қарапайым ғана мысалмен ой сабақтасақ, дүниеде өз тіліңнен айырылып қалу қандай үлкен қасірет десеңізші. Тіл – қолдан құрастыра салатын, бір зауытта жасай салатын зат емес қой. Ол халықпен, ұлтпен бірге жаратылатын, қанатын сол халықпен бірге кеңге жаятын құбылыс. Туған тілін өз халқы қаншалықты құрметтейтін болса, сол халықтың да дәрежесі соншалықты биік болады. Бүгінгі біздің бойымыздағы кемшілігіміз – өз тілімізді өзіміз құрметтей алмай келе жатқанымыз. Қазақ қоғамында осы сана-сезімді қалыптастыруға күш салуымыз керек. Ана тіліміздің қадір-қасиетін бәріміз бір адамдай сезінсек ұтылмаймыз. Біздің азаматтарымыздың өзге тілге қатты мойын бұрып кеткендері сонша, тіпті сол сөйлеп жүрген тілін туған тілі ретінде қабылдап жүр. Бұл – тіл үшін қауіпті мәселе. Демек, олар үшін ана тілі не, өзге тіл не, бәрі бірдей көрінеді. Өз тілінен алыстау, қол үзу, шет қалу, қалыс қалу тәрізді мәселелер осындайда басталары анық.

Қорыта айтқанда, қазақ тілінің – мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне әрбір азамат өзінің сүбелі үлесін қосса, тарих алдында атқарған қасиетті парызы болар еді.

Дәуіржан Төлебаев