Фото: egemen.kz
Астанада Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) отырыстары өтіп жатыр. Осы ретте Ult.kz тілшісі саясаттанушы Дос Көшімнен Қазақстанның Ата заңындағы ең даулы баптардың бірі мемлекеттік тілге қатысты сұрап білді. Конституциялық комиссияның бірінші және екінші отырысында әлі тілге қатысты ұсыныстар мен мәлімдемелер айтыла қойған жоқ.
Саясаттанушының сөзінше, «ресми тіл» деген ұғым заңда жоқ, бірақ қоғам оны бар деп қабылдайды. Соның салдарынан мемлекеттік тілге нақты қажеттілік қалыптаспай отыр.
– Дос Қалмаханұлы, қазіргі Конституциядағы тіл туралы бап Қазақстанның шынайы тілдік ахуалын қаншалықты дәл көрсетеді?
– Шындығында, «Қазақстан қоғамына қажет пе?» деп қарасақ, қазіргі беріліп отырған қағидалардың кері әсері аз емес. Қазақстан қоғамына, менің ойымша, бұл өте үлкен кері әсерін тигізіп отыр. Себебі осы бап арқылы жалпы Қазақстанда екі түрлі қабылдау қалыптасты. Ал екі түрлі қабылдау болмас үшін Конституциядағы әрбір заң, әрбір бап өте анық әрі нақты болуы керек.
Конституцияға мемлекеттілік тіл туралы бір ғана нақты тұжырым жазылуы тиіс, оған артық ештеңе қоспау керек. Мен кеше де айттым: оның қасына ештеңе қоспау қажет. Өйткені дәл сол «қосымшалар» бәрін шатастырып отыр. Соның салдарынан кейбіреулер Қазақстанды «екі тілді мемлекет» деп түсінеді. Қарапайым адамдарға да түсініксіз жағдай қалыптасты.
Сондықтан кей кездері Президент те, кейбір саясаткерлер де «Қазақстанда екі тіл қатар қолданылады» деген пікірлерін ашық айтады. Ал сіз сұрап отырған – Конституцияның 7-бабы ма? Менің ойымша, ол бап тек бір ғана мағынамен шектелуі керек еді.
Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал оның ар жағында не болса да, «Тілдер туралы» заңның ішінде қарастырылуы тиіс. Конституцияда Қазақстан аумағында қазақ тілі қолданылады деп нақты жазылуы керек. Ал орыс тілі және басқа тілдер тек қана мемлекеттік мекемелерде және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар қолданылуы мүмкін деп көрсетілсе жеткілікті. Болды.
Қазір адамдарды қатты шатастырып жүрген мәселе – «ресми тіл» деген ұғым. Біздің заңдарымызда «орыс тілі – ресми тіл» деген норма жоқ. Бірақ қарапайым халық оны солай қабылдап кеткен. Сондықтан бұл бап біздің қоғамға осы уақытқа дейін кері әсерін тигізіп, сананы шатастырып келді. Қазақстанда бір заң нормасының екі түрлі қабылдануы қалыптасты.
– Бұл бап мемлекеттік тілдің дамуына нақты кедергі болып отыр деп айтуға бола ма?
– Иә, болады. Мемлекеттік тілдің дамуына ғана емес, ең бастысы, оның қолданылуына және оған деген қажеттіліктің қалыптасуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Себебі мемлекеттік тілдің негізгі қызметінің бірі – оған деген қажеттілік тудыру.
Егер азамат мемлекеттік тілді білмесе, оның өмірі, тіршілігі, мансабы мен жұмысы қиындайтынын сезінуі керек. Сонда ғана халық мемлекеттік тілді үйренуге, меңгеруге ынталанады. Ал бізде қазіргі заңдық жағдай мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудырып отырған жоқ.
– Сіздің ойыңызша, тілге қатысты бұл бапты өзгерту қажет пе? Егер өзгерту керек болса, ол қандай бағытта болуы тиіс?
– Мен бұл туралы жаңа ғана айттым: тек бір ғана бағыт болуы керек. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. «Ресми тіл» деген ұғым мүлде болмауы тиіс. Конституцияда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бір ғана нақты норма болуы қажет. Ал егер орыс тіліне немесе басқа тілдерге белгілі бір деңгейде, белгілі бір салада қазақ тілімен қатар қолдануға мүмкіндік берілсе, ол «Тілдер туралы» заңда көрсетілуі керек.
Шынын айтсақ, бұл заңның өзі ескірген. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Ал басқа елдер осы уақыт ішінде тіл туралы заңдарын үш-төрт рет жаңартты. Мысалы, Латвияда мемлекеттік тіл туралы заң бірнеше рет қабылданып, әр 10–15 жыл сайын жаңартылып отырады. Біз әлі сол бұрынғы қалпында отырмыз.
2013 жылы біз жаңа тіл тұжырымдамасын дайындадық. Оны қоғамдық қозғалыс ретінде ұсынып, бес газетте жарияладық, Парламенттік сараптамадан өткіздік. Бірақ «уақыты келген жоқ» деген жауап алдық. Ал «уақыт жоқ» деген сылтаумен 15 жыл өтіп кетті.
– Конституциялық комиссияның отырыстарында неге тіл заңы айтылмай жатыр?
– Мен әр уақытта екі бағытты қараймын. Біреуі – демократия процесі, демократия институттары, азаматтық қоғамның дамуы. Кез келген заң, кез келген конституция болсын, мен соған көңіл бөлемін. Екінші – ұлттық мәселе. Менің ойымша, осы екі мәселе айтылмайды. Себебі, бұл екі мәселе біздің биліктің жақындағысы келмейтін, көтергісі келмейтін мәселесі.
Енді әрине, күтеміз, мүмкін біреулер демократия институттарын құратын заң баптарын ұсынар, Конституцияға кіргізуге тырысар. Біреулер мүмкін ұлттық бағытты айтар. Мысалы, Тоқаев үш Ұлттық Құрылтайдың екеуінде ономастика туралы мәселе көтерді. Бірақ ономастикаға арнап заң дайындайық, осыны реттейік, бірізділікке түсірейік деп бірде біреуі бастаған жоқ.
Бірақ менің ойымша осы демократияландыру бағыты мен ұлттық бағыт біздің қазіргі биліктің жоламайтын мәселелері деп ойлаймын. Мүмкін, комиссия ішінде өзін көрсеткісі келетін азаматтар бұл мәселені көтеруі мүмкін, бірақ ол Конституцияға кірмейді, өтпейді. Тіл мәселесі де дәл солай, табу ғой, айтуға болмайтын, тыйым салынған мәселе сияқты Қазақстанда. Оның да әртүрлі жолдары бар, біреулер мүмкін: «Егер ұлттық мәселені, тіл мәселесін, қазақ тілі мәселесін көтерсек, Ресей бізге ала көзбен қарайды», - деген сылтау айтады. «Бірақ біз егемен елміз ғой, 35 жылдың ішінде өзіміздің мемлекеттік тіл туралы мәселені нақтылап алмасақ, онда егемендіктің қажеті қанша?» деген ой туады. Сондықтан, менің ойымша, бұл мәселе әлі көтерілмейді. Себебі биліктің қандай бағыт ұстап отырғанын жиналған азаматтар біледі, сол себепті бұл тақырыпқа аяқтарын аттап баспайтын шығар.
– Билік неге тіл мәселесіне келгенде өте сақ әрекет етеді?
– Қазір биліктегі адамдардың көпшілігі қазақ тілін жақсы білмейді. Сондықтан олар үшін қазақ тілі қажет емес. Олар одан қорқады. Себебі ертең қазақ тілі толық енгізілсе, өздері бәсекеден шығып қаламыз деп ойлайды. Олардың балалары да қазақ тілін білмейді. Бұл ретте зиялы қауымның да рөлі бар еді, бірақ олардың да ұрпағы орыстілді. Өздері биліктің желі қалай соқса, солай жүреді.
Ал қарапайым халық дайын. Мен жыл сайын орыс тілді азаматтармен ондаған кездесу өткіземін. Олар түсінеді, қолдайды. Мәселе халықта емес, билікте.
Қазір Қазақстанда екі түрлі қауым қалыптасты: қазақ тілді және орыс тілді. Бұл – өте қауіпті жағдай. Біз ақпаратты да, мәдениетті де екі түрлі кеңістіктен қабылдаймыз. Сондықтан қоғам екіге бөлініп отыр.
– Алдағы жылдары Конституциядағы тілге қатысты бап өзгере ме?
– Менің ойымша, жақын арада өзгермейді. Себебі билік тұрақтылықтан қорқады. Бірақ мәселені шешпей, кейінге ысыру – одан да қауіпті.
Қысқасы, тіл – мемлекеттің негізі. Мемлекеттік тілдің болашағы – елдің болашағы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота Мұсабекқызы
