Фото: ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Astana Team балалар хоккей командасын Канадада өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық турнирінде жеңіске жетуімен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент қазақстандық клубтың сенсациялық жетістігі отандық спорттағы айтулы оқиға екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары шеберлік пен жеңіске деген айрықша жігер танытқан жас спортшыларға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы финалда хоккейдің отаны саналатын канадалық қарсыластардан басым түскен өрендердің табандылығы мен кәсібилігіне ерекше тоқталды.
Президент жас хоккейшілердің алдағы уақытта да тынымсыз жаттығып, шеберліктерін шыңдап, бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенім білдіріп, оларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, қазақстандық Astana Team командасы Канадада өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық турнирінің АА Elite дивизионында жеңімпаз атанды.
Жарысқа 2013 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Astana Team құрамында өзге клубтардың ойыншылары да болды: Торпедо (Өскемен), ХК Астана, Юность (Қарағанды) және Тайгерс (Алматы).
Қазақстандық хоккейшілер алты матч өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Жалпы есеп – 21:11. Турнирге 20 елдің командалары қатысты. Осылайша, Қазақстан жарыс тарихында чемпион атанған бесінші ел болды. Бұған дейін бұл жетістікке Канада, АҚШ, Ресей, Финляндия, Швеция және Чехия құрамалары ғана қол жеткізген.
