21 қаң, 2022 сағат 15:51

Тоқаев: Экономиканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін айтты. Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар.

– Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық  саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Президенттің сөйлеген сөзінде мынадай маңызды қағидаттар айтылды:

–  әділ бәсекелестік;

–  қабылданатын шешімдердің ашықтығы;

–  мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;

–  бизнестің салықтық тазалығы;

–  кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі.


Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырды.

– Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа экономикалық бағытының негізін қалайтын басты қағидаттарға жан-жақты тоқталды.

Оның пікірінше, бірінші – жеке меншікке қол сұқпау. Бұл мәселеде ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс.

– Сот жүйесін жаңғырту – маңызды мәселе. Біз тиісті шараларды, соның ішінде заңнамалық тұрғыдағы шараларды қабылдадық. Соттарға құқықтың әртүрлі салаларынан, оның ішінде корпоративтік сектордан жаңа мамандар тартылуда. Осының негізінде Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі жаңа сот алқасы құрылды. Сот ісіне мықты корпоративтік заңгерлер мен адвокаттардың тартылуы, әсіресе, өңірлерде инвесторлар мен бизнесмендердің мүдделерін сапалы қорғауын мейлінше қамтамасыз етеді. Жоғарғы Сот кеңесін және Жоғарғы Соттан судьялар корпусын жаңарту жұмысын белсенді жүргізуді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Президент мемлекеттің барлық инвестициялық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды.

– Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.