05 мам, 2020 сағат 05:57

Тоқаев: Медқызметкерлердің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналды

Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты.

«Барша жұртқа қауіп төндірген індетті ауыздықтау үшін, ең алдымен, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Оларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызы зор. Билік тарапынан барынша жағдай жасалуда.Өкінішке қарай індетпен күрес барысында медицина жүйесінің осал жақтары да анықталды. Сақтық шараларына қарамастан, көптеген медицина қызметкері вирус жұқтырып алды. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, осындай қиындыққа тап болдық. Бұл жағдай тікелей бақылауымда. Нақты тапсырмалар берілді. Індетпен күресуге атсалысқан дәрігерлерге тиісті үстемеақы төленуде» - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналғандығын айтты.

«Дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Пандемия денсаулық сақшыларына қолдау көрсетудің аса маңызды екенін аңғартты. Біз тәуелсіздік алғалы бері бұл салаға мән беріп келеміз. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыстар аз емес.

Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді. Қазір бүкіл әлем осы салаға ерекше назар аударып, жұқпалы аурулармен күресті күшейтуде. Бұл – заңды құбылыс. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені айбынды әскермен бірге мықты медицина да – мемлекеттің негізгі қалқаны. Бұдан былай оның өзектілігі арта түсетіні сөзсіз.

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Оның небәрі екі апта ішінде салынғанын білесіздер. Аурухана халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Оны арнайы барып аралап көрдім. Сонымен қатар ғалымдарымыз диагностикалық тест жүйесін әзірлеп шықты. Міне, осындай нақты жұмыстар саланы жетілдіре түсетіні сөзсіз. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта да медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізуі керек», - деп атап айтты Тоқаев.