17 мау, 2021 сағат 12:57

Трансшекаралық өзендер келіссөздерінде комиссия мүшелерінің жиі өзгеруінен ұтылып жатамыз - сенатор


Сенаттың жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау кезінде сенатор Ақылбек Күрішбаев су тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жақын болашақта еліміздің қауіпсіздігіне әсер ететін басты қатердің бірі – су тапшылығы болуы мүмкін. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 90-нан 76 км³ дейін төмендейді. Сонымен бірге, су шаруашылығы секторы инфрақұрылымының тозу көлемі 70%-дан асады. Нәтижесінде, республикада суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті тек қана 0,45-0,55, яғни судың 40 пайызы пайдаланылмай ысырап болып жатыр», - деді Күрішбаев. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бізде ауыл шаруашылығы жерлерінің тек қана 4% заманауи тамшылату тәсілімен суарылады, бұл бар болғаны 62 мың гектар.

«Біз жақында Түркістан облысында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысын өткіздік. Қазірдің өзінде өңірдің барлық жерінде суаратын судың тапшылығы қатты байқалуда. Халықаралық сарапшылар атап өткендей, біздің басты проблемамыз – суды жоспарлау, бақылау және пайдалану жүйесінің тиімсіздігінде. Яғни біздің еліміздегі су дағдарысы ең алдымен басқарудағы дағдарыстың салдарынан болып отыр. Бірнеше мысал келтірейін. Су ресурстары комитетінің өзінде қызметкерлердің көпшілігінің салалық жұмыс тәжірибесі жоқ, 38 адамның 18-і немесе тек 40%-ы су шаруашылығының мамандары. Жалпы «Қазсушар» кәсіпорын жүйесінде қызметкерлердің тек жартысы ғана тиісті кәсіби білімге ие, олардың көбісі зейнетке дейінгі жаста. 761 өзен, 529 көл, 71 су қоймасы орналасқан Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясында бар болғаны 21 маман жұмыс істейді. Төрт облыстың аумағын қамтитын Жайық-Каспий бассейндік инспекциясында қызметкерлердің жалпы саны – 12 ғана адам», - деді сенатор.

Оның пайымынша, бұл саланы өзгерту үшін елімізге су үнімдеу және цифрлық технологияларды меңгерген заманауи кадрлар керек. 

«Жоғары оқу орындарында су мамандарын даярлау сапасын арттыру, Жамбыл гидромелиоративтік институтын қалпына келтіру, Қазақстанда су проблемалары бойынша әлемдегі жетекші университеттің филиалын ашу, су шаруашылығы ҒЗИ-дың жұмысын жандандыру, білімді арттыру және мамандарды қайта даярлау жөніндегі өңірлік орталықтарды құру қажеттілігі туралы көптеген жылдар бойы айтылып келеді. Бірақ бұл мәселелер бүгінге дейін шешілмеді. Су объектілерінің көпшілігінде қазірге дейін гидрологиялық бекеттер жоқ, сондықтан біз елімізде қанша су қоры бар екенін нақты білмейміз», - деді депутат. 

«Трансшекаралық өзендер туралы халықаралық келіссөздерде біз ғылыми негіздемелеріміздің әлсіздігінен және комиссия мүшелерінің жиі өзгеріп отыруынан ұтылып жатамыз. Атап айтқанда, осы бағытта біз қытайлық әріптестерімізден едәуір артта қалып отырмыз. Бұл – біздің көршілерімізбен су бөлісу мәселесінде әлсіз тұсымыздың бірі. Осылайша, елімізде стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы саласын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету мәселелері толғағы жеткен сұраққа айналды», - деді Күрішбаев.