06 сәу, 2026 сағат 15:41

Түркістан облысында Сарыағаш айналма жолының құрылысы басталды

Фото: КМ

Түркістан облысында халықаралық транзиттік әлеуетті арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Сарыағаш айналма жолы» автожолының құрылысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа айналма жол транзиттік көліктерді қала аумағынан шығарып, Сарыағаштағы жол жүктемесін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бағыт арқылы Өзбекстанға қатынайтын көлік қозғалысы жылдамдай түседі.

Жоба аясында ұзындығы 102,6 шақырым болатын I-а санаттағы төрт жолақты заманауи автожол салу жоспарланған. Жол халықаралық стандарттарға сай болып, қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар өңірде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Биыл негізгі бағыттарда жалпы ұзындығы 99,2 шақырым болатын 5 күрделі және орташа жөндеу жобасы жүзеге асырылуда. Олардың қатарында көлік жолайрықтары мен көпірлерді қайта жаңарту жұмыстары да бар.

Ал 2026 жылы «Шымкент – Қызылорда» автожолының 103 шақырымында орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында қозғалысты бақылаудың автоматтандырылған жүйелері орнатылмақ.

Жалпы, аталған жобаларды кешенді іске асыру өңірде заманауи әрі қауіпсіз жол желісін қалыптастырып, көлік қызметінің сапасын арттыруға және Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.