16 мам, 2022 сағат 16:35

Ұлттық музей басшылығы 146 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді - Антикор


Нұр-Cұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі" РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі" РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, шарттың жалпы сомасы - 1,2 миллиард теңге.

"Тергеу сотының санкциясымен қазіргі уақытта тінту, сондай-ақ куәлардан жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс бойынша түпкілікті шешім қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын орындау нәтижелері бойынша қабылданатын болады" - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.