20 қыр, 2016 сағат 12:29

Жақсы көрші ағайыннан жақын

korshiler

Жұмбаққа толы мына қызыл­ды-жасылды дүниеде адам алдында жақсылық та, жамандық та кезігіп отырады. Жақсылық кездессе, жаның жадырап, көңіл көкжиегің кеңейе түседі. Ал жаман­дық кезіксе, керісінше, мазаң кетіп, кеудең қысылып, ты­ны­­сың тарылып, жүрекке сал­мақ түсіп, сыздайтыны тағы бар. Бұл – өмірдің бұлжымас заң­ды­лығы. Дегенмен адам баласы бар­лығына төзеді, шыдайды. Бірақ өмір жолымызда мінезге бай, жақсы, ақпейіл, жаны жомарт адамдар кездессе, мерейің өсіп, көңілің тасып, қуаныш пен ба­қытқа кенелесің. Ондайда нұр­лы, шуақты, шапағаты мол күн­дер мол болса екен деп тілей­сің.

Тіпті, көршілеріңнің жақ­сы жандар болғанының өзі – көп қуа­н­ыш, ерекше бақыт, көңіл­ге демеу. Сондықтан болар, көр­шілер тура­лы халық арасында нешебір керемет сөздер айтылған. Мы­салы, «Ағайынның аты оз­ған­ша, ауыл­дастың тайы оз­сын» немесе «Жақсы көрші – жаман ағайы­ның­нан артық». Тағы­­сы тағы. Осылай жалғасып кете береді.

…Жоғары медициналық оқу ор­нында алты жыл оқып, қолы­ма диплом алған соң, ми­нистр­ліктің жолдамасымен Жам­был қала­сындағы облыстық ауру­хана­ға дәрігер-хирург болып орналас­тым. Зайыбым да жас маман, үй­ленгенімізге бар болғаны 5-6 ай болған. Бір-екі жылдай пәтер жал­дап тұрдық. Сол арада жас сәбиіміз дүниеге келді. Расын айт­сақ, біраз қиындықты бас­тан өткердік. Өйткені біреуге тәуелді болудан өткен қиындық жоқ. Құдай жарылқап, сондай күндердің бірінде, ойламаған жерде, жас маман ретінде кезектен тыс қалалық атқару комитеті 2 бөлмелі пәтердің кілтін берді. Ол кезде жас мамандарды жұмысқа орналастыру, тұрғын үй беру деген қамқорлық ерекше болғанын баса айтуымыз керек. Сөйтіп аяқ астынан біздің көңілімізше хан сарайындай мемлекеттік пәтерге ие болып, арқа-жарқа болып, көңіліміз жадырап, жүрегіміз жы­лып қалды. Бірер күннен кейін жан-жағымызға қарап, кім­­дермен «құдайы көрші» екені­мізді зерделей бастадық. Өйт­­кені «Қаладағы тұрақты жайың­­дағы көршің жаман болса, Алла­дан пана сұра. Сахарадағы көр­шің жаман болса, тез көшіп кет»,  демейтін бе еді атам қазақ.

Шүкір, бір үйде 12 пәтер болса, соның 3-еуінде қазақтар тұрады екен. Екінші қабатта қаламыздағы белді жоғары оқу орны саналатын Жеңіл және тамақ технологиялық институты математика кафедрасының аға оқытушысы, өмірдің біраз бе­ле­­сін атқарған Екпін Мах­мұтов­­­тың отбасы тұрса, бесін­ші қабат­­та жасы 35-40-тың шама­сын­­дағы Нұрмахан деген жігіт «Южгипроводхоз» ғылыми-жос­парлау институтының қызметкері болып шықты. Басқалардың бар­лығы басқа ұлт өкілдері. Тез арада әлгі екі көршімізбен тіл табысып, әжептәуір араласып, отбасыларымызбен таныс болып алдық. Кейде бір-бірімізді шайға, сырттан қонақ келсе, соларға қосып шақырып, әңгіме-дүкен құра­тын да дәрежеге жеттік.

Кейінірек Екпін ағам өзінің Құмшағалдағы саяжай жанынан сатылып жатқан шағын үйді бізге алдырды. «Балаларың өсіп келеді, оларды еңбекке баулып, қара жұмысқа үйреткенің жөн. Оның үстіне қысы-жазы қамалып көп қабатты үйде отыра бергенше, бір мезгіл қала сыртына шығып, таза ауамен тыныстайсыңдар, сая­жайда демаласыңдар. Тағы бір жақ­сы­лығы – саяжайға бірге барып тұрамыз», деді. Шынымды ай­та­йын, алғашқы кезде: «Онсыз да жұ­мысбасты болып жүргенде сая­жайды неғыламын, ертең уақытым жетпей, күте алмай, жердің обалы­на қалып жүрмеймін бе екен?» деген оймен болдым. Уақыт өте келе оған да үйрендік, сенбі мен жек­сенбіні отбасымызбен сонда өт­кізетін болдық. «Әр нәрсенің өз рахаты бар», дегендей апта бойы қол еңбегін сағынып, саяжайдағы таза ауа өзіне ынтықтырып тұратын бол­ды. Бара салып кетпен-күректі қол­ға алып, арық-атызды тазалап, канал­дан су жығып, ағаштардың түп­терін қопсытып, арамшөбін шауып, маңдайдан қара тер шып-шып етіп шығып, бір жан рахатына бөленесің. Одан кейін ортаға екі иінінен демалған сары самаурынды алып, сексеуілге қайнаған күрең қызыл шайды сүйсіне ішесің. Қол қалт еткенде жақын көршілерге барып, олармен бау-бақшасын көріп, сан түрлі сұрақтарыңа жауап алып, тәжірибе алмасасың.

Өмірдің ыстық-суығын көр­ген көңілі ояу, кеудесіне түйгені мол Екпін Хамитұлы келе-келе нағыз ақылшы ағама айналды. Оның сабырлы кейіппен сөз сап­тауынан, терең, ойлы әңгі­ме­лерінен, тіпті бүкіл болмысы мен бойында тектіліктің, ерек­ше бір қасиеттің нышаны бар екенін аңғару қиын болмай­тын. Кейін білдім, бұл кісі ұлты­мыз­дың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің жақын немере інісі екен. Ғабең Махмұтұлы бол­са, Екпін ағамыз Хамитұлы Махмұтов деп жазылатын, яғни Екпін ағаның әкесі Хамит пен Ғабит бір әке, бір шешеден туған ағайындылар болып шықты. Сөйтіп аяқ астынан Екпін ағаның есімі елге белгілі тұлғаның, халық мақтанышы Ғабеңнің жақыны әрі әдебиет пен ғылымға жақын жан екенін біліп, керемет бір көмбеге кезіккендей болдым.

Саяжайға барғаннан кейін негізгі жұмысты бітіріп алып, Ек­пін аға екеуміз кейде басқа да сая­жайдағы көршілермен бас қосып алып әңгімеге көшеміз. Әңгі­­­мелер мен естеліктер сонау түн­­нің жартысына дейін жал­ғаса­тын кездер аз болған жоқ.

«Жаман көрші сенен жақ­сы­лық көрсе жасырады, жамандық көрсе асырады» деген қазақта сөз бар. Біз Екпін ағамен жақсы көрші ретінде 17 жыл тонның ішкі бауындай болып сыйластықпен тұрдық. Балаларымыз да Екпін ағаға, Бикен тәтейге бауыр басып, балаларымен қоян-қолтық араласып кетті. Бір жерге қонаққа, той­ға, кешкі концертке барсақ, бала­ларымызды Екпін ағаның үйі­не қалдырып, асықпай, түннің бір мезгілінде келіп, көршіміздің үйін­де ұйықтап қалған балаларымызды өз пәтерімізге әкелетінбіз. Сонда Екпін аға мен Бикен тәте­й бірде-бір рет қабақ шытып көрген емес. Қайта біздің жағ­дайы­мызды жасап, ақылдарын ай­тып, бала­ларымызға қамқоршы бо­лып, үл­кен азаматтықтарын та­ны­тып, көр­ген­діктерін көрсете білді.

Екпін аға зейнеткерлікке шық­қаннан кейін де бірер жыл Тараз­да еңбек етіп, 2001 жылы өз туған жері – Солтүстік Қазақ­стан об­лысының орталығы Петропавл қаласына көшті. Сон­­дағы біздің көңіліміздің ас­тан-кестең болып, қимастық сезім тұншықтырғанын айтып жет­кізу қиын. Екпін аға да отбасы­мен өздерінің ең нұрлы, шуақты, қызықты 37 жыл өмірін өткізген Тараз өңірімен қимай-қимай қоштасып еді. Өйткені бұл қалада достары, замандас-әріптестері, жақын араласып кеткен аға-қарындастары, жегжат­тары қалып бара жатқан болатын.

Екпін Хамитұлы ағамыз еліне барып, Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығын өз дәрежесінде өткізуге атсалысып, Қызылжардың бір көшесіне Ғабеңнің атын бергізіп, қала орталығынан арнайы сквер ұйымдастырып, оған Ғабеңе ең­селі ескерткіш орнатуға көп ең­бек етті. Ғабит пен өзі туып-өс­кен Жаңажол ауылында бой көтер­ген Ғабеңнің мұражайын ретке келтіруге үлес қосты.

Күйбең тіршіліктен қолымыз қалт етсе, Екпін ағамызбен мез­гіл-мезгіл телефон арқылы хабар­ласып, аман-саулық сұрасып тұр­дық. Бір-екі рет Петропавлда қонақ­та болып та қайттық. Олар да тараздық жігітке тұрмысқа шық­қан өздерінің кенже қызы Айшаға жол суытпай келіп-кетіп жүрді. Сөйтіп Екпін ағамызбен көр­шілік, өмірлік ағалық-інілік бай­ланысқа айналғанымыз бар. Әттең, өмір жалған. 2010 жылы Екпін ағамыз жүрек талмасынан көз жұмды. Сөйтіп туған жер то­пы­­ра­ғын жастанып, мәңгілік ты­ныш­­тық мекенінің құшағында жатыр.

Иә, өткен күндердің барлығы арман, көңілдің тереңінде сайрап жатқан аңсау, санаңда тулап жатқан таусылмайтын сағы­ныш… Көп жылдар бойы құдайы көрші тұрып, біріміз аға, біріміз іні болып сыйласқан, жанымызға жақын болып кеткен Екпін ағаны біз осы күнге дейін сағынышпен еске аламыз.

Өмірде не болмайды. Көрші­лер туралы жұрт арасында талай әңгімелер бар. Мың құбыл­ған мына тынымсыз, беймаза тір­шілікте түкке тұрмайтын нәр­сеге бола сөзге келіп, жанжалдасып, дауласып жататын жайлар сирек болса да кездесіп жататыны рас. Бес саусақ бірдей емес. Бұл  – мына қазіргі дүрбелеңге толы тіршіліктің шындығы.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

ТАРАЗ