27 қар, 2023 сағат 12:36

Жалған дипломмен ауылға барған мамандар анықталды

Фото: depositphotos.com

Ақмола облысы прокуратурасы жалған дипломдарды пайдалану дерегін анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға ерекше назар аударады және қомақты бюджет қаражатын бөледі. Осы мақсатта, 2009 жылдан бастап бүкіл ел бойынша «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ол ауылдық жерде еңбек етуге ниет білдірген мамандарға жеңілдікпен кредиттер мен өтеусіз жәрдемақылар алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары еліміздің ауылдық жерлерінде кадр тапшылығы едәуір теңестірілді, алайда жекелеген адамдар «маман» деген атпен жеңілдікті шарттарды пайдалана отырып, бюджет қаражаты есебінен заңсыз байытылып жатыр.

Облыс прокуратурасы бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну кезінде қолданыстағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді" - делінген хабарламада.

Оның нәтижесі бойынша жалған дипломдардың көмегімен жеңілдіктер алған және шарттық міндеттемелерді бұзған адамдар анықталған.

Мәселен, 2021 жылы К. есімді азамат жалған дипломмен Атбасар ауданының оқу орнына биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Ал 2022 жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысқан. Осылайша 4,9 млн теңге алған.

Айта кету керек, К. 2 жыл бойы осы салада құзыретті болмаса да, балаларды оқытқан.

"Осындай схеманы білім беру саласындағы тағы 12 «маман» пайдаланған. Залалдың жалпы соммасы 30 млн теңгеден асты.  

Жалпы айтқанда, мұндай «маманды» жалған дипломмен жұмысқа орналастыру жас ұрпақтың білім деңгейіне теріс әсер етеді және бюджет қаражатын ұрлауға жағдай жасайды.

Қазіргі таңда қылмыстық қудалау органдары тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды" - делінген ведомство хабарламасында.