Фото: ашық дереккөз
Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімді өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша үш тұлғаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың сәуір айында Жамбыл ауданына қарасты Тастөбе ауылында болған. 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып, көз жұмған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігімен (өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 22 жастағы ауыл тұрғыны мен 10–11 сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылған.
Тергеу барысында мектеп оқушылары арасында «бейресми көшбасшылар» мен «көшелік ұғымдар» ықпалы қалыптасқаны анықталған. Бұл ортада қорқыту, психологиялық қысым көрсету және еңбекке мәжбүрлеу секілді әрекеттер жүйелі түрде орын алған.
Атап айтқанда, марқұм жасөспірім қайғылы оқиғаға дейінгі күндері ауылда «авторитет» саналған азаматтың үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын істегені белгілі болды.
Қылмыстық іс 2025 жылғы 5 қыркүйекте сотқа жолданып, сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімімен олар кінәлі деп танылды.
Сот шешімімен негізгі айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал кәмелетке толмаған екі сыбайласына әрқайсысына 5 жылдан жаза тағайындалды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
