31 шіл, 2025 сағат 11:01

Жамбылда дәрігерлер асқазандағы шаштан құралған түйінді сәтті алып тастады

Фото: Pexels.com

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургтері сирек кездесетін трихобезоар диагнозымен жеткізілген 18 жастағы науқастың асқазанынан шаштан құралған үлкен түйінді хирургиялық жолмен алып тастады, деп хабарлайды Ult.kz.

Науқас ішінің ауыруы, жүрек айнуы және тәбеттің жоғалуына шағымданып келген. УДЗ, гастроскопия және компьютерлік томография нәтижелері асқазанда бөгде зат барын көрсетті. Диагноз – трихобезоар.

Бұл жағдай трихотилломанияға шалдыққан адамдарда кездеседі – олар шаштарын жұлып, жұту әдетіне ие болады. Нәтижесінде шаш асқазанда жиналып, түйінге айналады. Уақыт өте келе бұл түйін асқазанның бітелуіне, қаназдыққа және ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.

Хирургтер жалпы анестезиямен лапаротомия жасап, асқазан қуысынан ұзындығы 30 см-ден асатын тығыз түйінді алып шықты.

Отаға хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есимов жетекшілік етті. Операция сәтті өтті, асқынусыз аяқталды. Науқас бесінші күні үйіне шығарылды.

Дәрігерлер мұндай жағдайлардың алдын алу үшін трихотилломаниямен ауыратын адамдарға психолог пен психиатр көмегіне жүгінуді ұсынады.