23 шіл, 2021 сағат 18:13

Жанболаттың жалған зерттеулері



Жанболат Мамай мен оның тіркелмеген демпартиясы Қазақстанның саяси жүйесінде орнығуға талпыныс жасап жатыр. Алайда сауатты қадам болса жөн ғой. Навальныйдың журналистік зерттеулерін көп көріп, тым еліктеп кеткені сонша, әлеуметтік желілерде Жанболаттың «зерттеулері» қаптап кетті. Зерттеу деп тым әсірелеп, асырып айтқанымен, нақты фактілері, дәлелдері жоқ. Ұзын құлақтан жеткен қатын өсектің айналасындағы әңгімені «журналистік зерттеу» деп сүйіншілейді. Алайда оның кезекті видеосын көрген кезде босқа кеткен уақыт үшін өкінуге болады.

Бұлай деуіміздің себебі жақында Мамайдың кезекті туындысы шықты. Айта кетейік оның ақпараттық шабуылдарының тағы бір маңызды элементі қарабайыр хайп. Танымал адамдар туралы жалған ақпарат таратып, елді өзіне қарату үшін барын салып жатқаны көрініп тұр. Мәселен, алдымен Бауыржан Байбектің балағына жабысты. Дәйексіз зерттеуінің арқасында қоржынына тағы бір соттың қаулысын қосып алды. Өйткені сотта өз сөзінің растығын дәлелдей алмады. Естеріңізде болса, сот Мамайға жариялаған мәліметтерін жоққа шығарып, видеоларын өшіруді міндеттеді. Сол қаулыны әлі орындамағанын қоймай, тағы бір тұлғаға ауыз салды.

Бердібек Сапарбаев Қазақстандағы бірнеше облысты басқарған, саясатта азды-көпті жинаған абырой-беделі бар азамат. Министр мен әкім лауазымын атқарып жүріп, өзін мықты кризис менеджер ретінде дәлелдеген. Әсіресе қарапайым халықтың оған деген ықыласы мен сүйіспеншілігі ерекше. Мамайдың Мәшбекұлын нысанға алуы тегін емес. Байқаймын, Мамай өзін Қазақстандағы нөмірі бірінші күрескер санайтын сияқты. Өзі жөргегінде былғанып жатқанда саясаттың бел ортасында жүрген ағаларына ақыл айтқанына қарағанда солай ой түюге болады. Егер құқықтық қоғам болуға ұмтылсақ, онда фактілер мен дәлелдердің бар-жоғын талқыламай, кінәсіздік презумпциясы туралы ұмытпау керек. Мамайда бұл атымен жоқ.

Сапарбаев туралы «туындысында» әр жерден естіген өсек-аяндардың басын құраған. Ол аздай ол шатпағын ақылы жылжыту арқылы таратып отыр. Яғни осы жерде белсендінің шетелдік қорлардан алынған гранттарды пысықтауға тырысып жатқанына көз анық жетеді. Егер іс сотқа дейін жететін болса айтқандарын дәлелдей алуы екіталай. Өйткені алдында Байбекке қатысты айтқандарын сот алдында дәлелдей алмай қарабет болғанын бүкіл жұрт біледі. Сапарбаев саясаттағы оңай шағылатын жаңғақ емес, 30 жылдық мансабын кез-келген адамға таптатуға жол бермесі анық. Көп ұзамай Сапарбаев сотқа беріп, Жанболаттың қанжығасына тағы бір соттың қаулысы қосылса таңғалудың қажеті жоқ.