22 қыр, 2016 сағат 08:29

Жаңғырған Жібек жолы

«Бар дүние жоғалмайды, жоқтан бар пайда болмайды» деген атам қазақтың дана сөзі бар. Еліміздегі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің құрылысы биылғы жылы аяқталады деп ресми органнан сүйіншілеп жеткен хабарды оқығанда халқымыздың сол даналық сөзі тағы бір еске түсті. Иә, бұл жоғалғанына ғасырлар өтсе де бар дүниенің қайта табылатындығына мықты бір мысал боларлық оқиға емес пе, құрметті оқырман.

Ұлы Жібек жолының нақты қай уақытта пайда болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Жалпы, оның халықаралық керуен жолы ретінде қалыптасып, дамуы ғасырларға созылса керек. Кейбір деректерге қарағанда, бұл жол осыдан 3-4 мың жыл бұрын пайда болып, Қытайдың Хан патшалығының тұсында жақсы өркендеген. Ал енді бір деректер бойынша бұл жолдың пайда болып, қалыптасуы біздің заманымыздан бұрынғы екінші ғасырда (яғни, 2 мың жылдан астам уақыт бұрын) бастау алады да, біздің заманымыздың алтыншы ғасырында (яғни, 1400-1500 жылдай уақыт бұрын) қазіргі Қазақстан жерін басып өтетін екі сілемі (Сырдария мен Тянь-Шань сілемдері) қалыптасып, жетіледі.

Сол секілді бұл керуен жолының өз қызметін қашан тоқтатқандығын да нақты кесіп айту қиын. Біздің білуімізше, жолдың жойылып кетуіне екі үлкен фактор әсер еткен. Оның біріншісі – үлкен өңірді уысында ұстап, халықтар тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз еткен Алтын Орда мемлекеттілігінің ыдырап, ұсақ хандықтарға бөлініп кетуі. Бұл фактор жол бойындағы кикіл­жің жағдайлардың көбеюіне, керуен жолы тыныш­тығының бұзылуына әкелсе керек. Екін­шісі – Қытай мен Еуропаны жалғаған теңіз жолы­ның ашылуы. Осыдан кейін кіре тартушылар үшін Жібек жолының қажеттілігі де азая берген.

Демек, көне Жібек жолы Түркі қағанаты дәуірінен бастап, осыдан бес ғасыр бұрынғы Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралықта өңір халқын сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, өркениеттік байланыстырушы құрал ретінде өмір сүріп келген. Оның бойындағы сауда-саттықтың әлсіреуі және көрші елдердің әміршілерімен арадағы тартыстардың күшеюі жас Қазақ хандығының дербес саяси-экономикалық субъект ретінде жан-жақты дамуына қаншалықты кері әсер еткені де тайға таңба басқандай айқындала түседі.

Міне, осы Ұлы Жібек жолы енді жаңа заман талабына сай қайта қалпына келтіріліп, өңір халықтарына баяғысынша қызмет ететін болса, «өлгенің тіріліп, өшкенің жанды» деген осы емес пе?! Сөйтіп, бұл жаңалық, біздің ойымызша, бүкіл Алаш жұртына ат шаптырып, шүйінші сұрататындай хабар болғалы тұр.

Енді еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі қолға алған осы ғасыр жобасы  туралы қысқаша ақпараттарға назар аударайық: жолдың жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, оның 2233 шақырымы Ресей, 3425 шақырымы Қытай, 2452 шақырымы Қазақстан аумағына тиесілі. Қазақстандағы бөлігінің өзі Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы секілді 5 облысты, қаншама қалалар мен елді мекендерді басып өтеді.

Әзірге әңгіме осы Қазақстан бөлігі туралы болмақ. Яғни, халықаралық дәліз толық пайдалануға берілген кезден көлік нөпірі көбейіп, тіршілік қайнай бастайтын болады. Өйткені, мегажоба құрылысы аяқталғаннан кейін оның бойындағы инфрақұрылым жұмыстары басталады. Яғни, үлкен жолдың бойынан халықаралық талаптарға сай келетін қонақ үйлер мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары, тамақтанатын орындар және тағы басқа да көптеген нысандар салынады. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында туризмді дамытуға жол ашылады.

Халықаралық жолдың еліміздегі бөлігін салу басталғалы бері Шымкент учаскесінен Ресей шекарасына (Орынборға) дейін және Тараз – Алматы учаскелерін қосқанда 2 028 шақырым болатын жол пайдалануға берілді. Бұл жолдың игілігін көріп жатқан жұрттың ризалығында шек жоқ. Енді биылғы жылдың соңына дейін ұзақтығы 304 шақырым болатын Алматы – Қорғас, 100 шақырымдық Шымкент – Ташкент, 81 шақырымды құрайтын Шымкент шекарасы мен Жамбыл облысы учаскелеріндегі жол құрылысы аяқталуға тиіс. Сөйтіп, халықаралық дәліз толық ашылатын болады.

Енді аталған жобаның Қазақ елі үшін тигізер пайдасы турасында сөз қозғасақ, бізге ақпарат берген мамандардың айтуынша, алдағы 7-8 жылдың ішінде жолдың жүк көліктерін өткізу көлемі 2,5 есе ұлғаятын болады. Жобаны іске асыру Қазақстанға жылма-жыл кем дегенде 33-34 миллиард теңгенің пайдасын беріп отырады деп күтілуде. Мультипликативтік тиімділігі де зор болмақ. Мәселен, мамандардың есептеуінше, жолдың салынуы ішкі жалпы өнімнің көлемін 82,9 миллиард теңгеге дейін өсіре түсетін болады. Басқа жанама тигізетін жағымды әсерлері де аз емес. Ең бастысы, бұл жол Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы өзінің географиялық орнын тиімді пайдаланып, алтын көпір елге айналуына өлшеусіз қызмет ететін болады. Ал мұның тигізер пайдасын ақшамен есептеудің өзі мүлдем қисынсыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»