29 қаз, 2016 сағат 16:53

Жанқош Тұраров жекпе-жек басталмай жұлқынған ганалықты сабасына түсірді

Алматыда өтіп жатқан бокс кешінде қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров ганалық Айсак Ариемен жұдырықтасып, төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Алғашқы раундта қос боксшы бірін-бірі зерттеп, осал тұстарын бағамдап көрді. Екінші раундтан бастап белсенділік танытып, ұрымтал тұсты бос жібермеуге тырысты. Жерлесіміз үшінші раундтан бастап бірінші нөмірмен жұдырықтасып, қарсыласын тықсыра бастады. Жанқоштың дәл соққыларын көтере алмаған ганалық боксшы жекпе-жекті жалғастыра алмады. 

Жаңқош Тұраров осыған дейін 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 13-ін мезгілінен бұрын аяқтаған. 

Айта кетсек, бүгінгі бокс кешінде алғаш боп шаршы алаңға көтерілген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жұман Жұмабеков беларусь боксшысы Владимир Ивановты айқын басымдықпен жеңді. Екінші боп жұдырықтасқан Айдар Шәрібаев испан боксшысы Хуан Окурадан басым түсті. 

Тағы бір қазақстандық боксшы Али Ахмедов әзірбайжандық Али Маммедовті алғашқы раундта айқын ұтты. Ал аса ауыр салмақта жұдырықтасатын Руслан Мырсатаев ганалық Наху Азумиді алғашқы раундта нокаудқа жіберді. 

"Ұлт-ақпарат"