Фото: instagram.com/rakhat_turlykhanov
Алматы соты әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарап, материалдарды прокурор мен сотқа дейінгі тергеу органына жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі — тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық бойынша қаралған. Хаттамаға сәйкес, ол үйінде жұбайымен жанжал шығарып, қорлап, қорқытып, айқайлаған.
Сот мәліметінше, жәбірленушінің бастапқыда дене жарақаты туралы арыз түсіргені ескеріліп, істе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар-жоғын анықтау үшін материалдар қосымша тексеруге жіберілген.
Айта кетейік, сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Осы оқиғаға дейін әлеуметтік желілерде әншінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Кейін полиция бұл жағдайға байланысты әкімшілік хаттама толтырылғанын растады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Алматының Медеу ауданында түскен шақырту бойынша полиция отбасылық жанжалға қатысы бар тұлғаларды бөлімшеге жеткізген. Алғашында әйел физикалық күш қолданылғанын айтқанымен, кейін бұл мәліметті жоққа шығарған.
