Фото: Видеодан скрин
Павлодар қаласында сегіз жасар қыздың тағдыры жұртшылықты бей-жай қалдырмады. Оқушы өз өтінішімен балалар үйіне орналастырылған, деп хабарлайды Ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Қызды жалғызбасты әкесі тәрбиелеп келген. Алайда ол көршілеріне әкесінің өзін үйден қуып жібергенін айтып шағымданған. Қазір бала балалар үйінде, сол жерде оның туған ағасы да тәрбиеленіп жатыр.
Белгілі болғандай, балалардың анасы бірнеше жыл бұрын ата-ана құқығынан айырылып, өткен жылы қайтыс болған. Ал ағасы жуырда 14 жасқа толған.
Қыздың әкесі бұған дейін де ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылған. Тіпті оның қызын телефонмен ұрған сәті бейнекамераға түсіп қалған. Сол кезде ол тек айыппұлмен шектелген. Қазір ер адамды ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көптеген азаматтар қызды қамқорлыққа алуға ниет білдірген. Алайда бұл мәселе әзірге шешімін таппаған.
Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенова бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бала жалғыз емес, оның ағасы бар болғандықтан, алдымен әкесінің ата-ана құқығына қатысты мәселе толық шешілуі қажет.
Қазіргі таңда қыз өзін жақсы сезінеді. Уәкілдің сөзінше, ол балалар үйіне бейімделіп, көңіл-күйі тұрақты.
