03 шіл, 2017 сағат 12:28

Жастарға қолдау көрсету «Нұр Отанның» басым бағыты

Ұлт болашағы білімді жас пен білікті ұрпақтың қолында. Сондықтан да елімізде бұл бағытта көптеген игі істер қолға алынуда. Бүгін «Нұр Отан» партиясы мен Білім және ғылым минстрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері арасында қол қойылған төртжақты меморандум да осы қатардағы тың бастамалардың бір парасы.

«Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағытын жүзеге асыруға арналған құжат арқылы ұлттық бірыңғай тестілеуде шектік деңгейден өте алмаған және сынаққа қатыспаған мектеп түлектерін оқытып, жұмысқа орналастыру көзделген. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған жоба жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыздың тапсырмасын орындау үш үлкен мәселенің түйінін шешуге мүмкіндік береді: мектеп бітірген жастар мемлекеттің қамқорлығын сезініп, бірден жұмыспен қамтылады; мамандық игереді және жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс күшімен қамтамасыз етіледі. Бірде бір мектеп бітіруші біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Бұл қоғамға да, мемлекетке де өте пайдалы іс», – деді.

Айта кетейік, шараға жоғарыда аталған министрлік басшылары Ерлан Сағадиев, Тамара Дүйсенова және Нұрлан Ермекбаевпен қатар жауапты мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған жұмыс тобының мүшелері, партияның өңірлік филиалдары мен «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері қатысты.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бізге басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болу керек. Ол үшін не істеу керектігін ұлт ұстазы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек», – деп нақты айтып кеткен. Осы тұрғыдан келгенде «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Сәтті қадам» жобасының берері мол.