28 там, 2017 сағат 10:35

Жайнақов: "Харви" дауылы соққан аймақта жүздеген қазақстандық болуы мүмкін (Видео)

АҚШ-та "Харви" дауылынан зардап шеккендер арасында әзірге қазақстандықтар тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".  

"Техас штатындағы "Харви" жойқын дауылына байланысты АҚШ-тағы дипломаттарымыз сол ауданда тұрып жатқан қазақ диаспораларының жетекшілерімен тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Қазір төтенше жағдай енгізілген аумақта жүздеген қазақстандық болуы мүмкін", - деп жазыпты Жайнақов Facebook желісіндегі парақшасына. 

Қазірге дейін зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары тіркелмеді. Оның үстіне Вашингтондағы Қазақстан елшісінің және шұғыл хабар беру нөмірі таратылды. 

Еске салайық, Амриканың Техас штатының тұрғындары өте күшті дауылдың салдарынан зардап шегіп отыр. "Харви" дауылы үлкен апат әкелді. Қазір оның күші басылғанымен, толқыған су штаттағы ең ірі қала Хьюстонға жайылған. Адамдардың қаза болғаны туралы хабарламалар келіп жатыр.

БАҚ хабарлағандай, «Харви» дауылына қауіп деңгейінің бес балдық шкаласы бойынша төртінші деңгейі берілді. Ол Техас жағалауына сағатына 130 миль (210 км/сағ) жылдамдықпен соғатын жел алып келді.