13 там, 2016 сағат 18:14

Жер комиссиясы 10 сотық жер беру мәселесін шешуді көздейді

Жер реформасы жөніндегі комиссия жеке тұрғын үй құрылысына қажетті жерлерді мемлекет мұқтаждықтарына сатып алып, халыққа 10 сотықтан таратып беру мәселесін шешуді ұсынып отыр. Бүгінде облыс орталықтарының маңайындағы жерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов 10 сотықтан жер беру мәселесі өте өзекті. Сол себепті Комиссияның күнтәртібінен түскен емес.

«Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені бізге түсіп жатқан сұрақтардың 75 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына жер беру мәселесіне байланысты. Осы мәселені шешу үшін мынандай ұсыныс жасап отырмыз. Заң жүзінде жергілікті атқарушы билікке, яғни әкімдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алуға құқық беру керек. Сонда қалалардың, соның ішінде облыс орталықтары, аудан мен ауылдардың төңірегіндегі жерлерді сатып алып, кезекті тұрған азаматтардың мәселесін шешуге болады. Әрине, одан кейін инфрақұрылым мәселесі бар. Дегенмен, дәл қазір қолбайлау болып отырған мәселе ол – жерді мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу құқығының жоқтығы», - дейді комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов.

Министрдің айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін тек мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарды салуға ғана мемлекет мұқтаждықтарына сатып алуға рұқсат бар.

Айта кетейік, бүгінде республика бойынша жеке баспананы салуға ниет білдіріп, кезекке тұрған халықтың саны бір миллионнан асып жығылады.

Арман АСҚАРОВ