16 қаң, 2024 сағат 11:24

Жетісу облысында депутат пышақ жарақатынан көз жұмды

Фото: ашық дереккөзден

Жетісу облысында депутат пышақ жарақатынан көз жұмды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол Алакөл аудандық мәслихатының депутаты болған.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 15 қаңтар сағат 15:25-те Алакөл аудандық полициясына Үшарал қаласында салынып жатқан объектіледің бірінде мас күйдегі ер адам жұмысшыларға тиісіп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. 

"Полиция келгеннен кейін жұмысшыларды жақтаған 34 жастағы ер адамға пышақ жарақатын салған күдікті 24 жастағы жергілікті тұрғын екендігін анықтады, ол оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктіні қоңырау түскеннен кейін бес минут ішінде ұстады. Ал жәбірленуші алған жарақатынан жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.

Ұсталған ер адам Алакөл АПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды" - делінген хабарламада.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.