17 қаз, 2022 сағат 15:58

Жигули Дайрабаев Қазақстан президенттігіне кандидат болып тіркелді


Бүгін Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отырыста келесі мәселелер қаралды:

1. «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттің байқаушыларын аккредиттеу туралы» 

2. «Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевты 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы». 

Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Ортсайлауком Хатшысы Мұхтар Ерман баяндады. Ол ОСК Халықаралық байқау институтын 2022 жылдың 22 қыркүйегінде ашқанын мәлімдеді. Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 14 қараша сағат 18:00-де аяқталады. 

Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттеуге төрт халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен 43 байқаушы ұсынылған. Оның ішінде: 6 байқаушы ТМД байқаушылар миссиясының құрамында, 17 байқаушы - ТМД ПАА-дан, 13 байқаушы - ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы, 5 байқаушы - Түркі мемлекеттері ұйымы байқаушылар миссиясынан, сондай-ақ Грузия елінен 2 байқаушы аккредиттелді. Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отырады. 

Баяндама қорытындысы бойынша ҚР ОСК «Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттің байқаушыларын 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады. 

"Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевты тіркеу мәселесі бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Ол 2022 жылдың 5 қазанында Орталық сайлау комиссиясына «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі Ж.М. Дайрабаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын хабарлады. Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар ұсынылды: 

- Президенттікке кандидат Ж.М. Дайрабаевтың және оның зайыбының активтер мен міндеттемелер жөнінде декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы; 

- Президенттікке кандидат Ж.М. Дайрабаевтың оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытындысы; 

- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Ж.М. Дайрабаевты қолдап жиналған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары. 

Осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке кандидат Ж. М. Дайрабаевты қолдау мақсатында Қазақстанның барлық 20 өңірінен 125 081 азаматтың қолы жиналды. Тексеру нәтижесінде 119 975 қол рас деп танылды, яғни қажетті саны қамтамасыз етілді, бұл сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% немесе 118 273-і. 

Ж.М. Дайрабаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді" - делінген хабарламада.

ҚР ОСК қаулысымен Жигули Молдахалықұлы Дайрабаев 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып тіркеліп, оған тиісті куәлік берілді.