Фото: ҚР ОАМ
Биыл техникалық және жұмысшы мамандықтарды таңдаған барлық студент колледждерде тегін оқиды. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерге 150 мың студент қабылдау жоспарланғанын, оның 70%-ы техникалық бағыттарға бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің айтуынша, жастар жұмысқа орналасуға кепілдік беретін кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша білім алуда. Соңғы үш жылда мұндай студенттер саны үш есеге артып, 30 мыңға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 45 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформация кезеңінде. Заң жүзінде IT-мамандарды даярлауда қолданылып жүрген онлайн-оқыту форматы колледждерде де енгізілді. Жаңа оқу жылында бес отандық колледжді интернационализациялау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мектептермен қатар, колледждер жүйесіне жасанды интеллект технологиялары енгізілмек.
Колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестік нығайып келеді. Дуальді оқыту тәжірибесі кеңейіп, шефтік қолдау көрсететін кәсіпорындар саны бір жылда жеті есе өсіп, 4 мыңға жеткен. Бизнес өкілдерімен бірлесіп, 10 мың білім беру бағдарламасы әзірленген.
Жаңа оқу жылында 1500 оқытушы кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырады.
