Фото: Freepik
Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында алимент төлеуден жалтарған тұлға әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
2026 жылғы 6 қаңтарда Бәйтерек аудандық соты алимент төлеу міндетін орындамаған борышкерге қатысты әкімшілік қамаққа алу туралы қаулы шығарған. Сот шешіміне сәйкес, аталған азамат 2023 жылғы 9 қаңтардан бері алимент төлеуден жалтарып, жалпы берешек сомасы 3 015 447 теңгені құраған.
Прокуратура мәліметінше, Бәйтерек ауданында биыл алимент төлеуден жалтарған бір борышкердің ісі сот өндірісінде қаралып жатыр. Сонымен қатар тағы бір дерек бойынша қылмыстық іс тергеу сатысында.
Алимент төлеуден жалтару Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу шаралары қолданылады.
Прокуратура өкілдері ата-аналарды баланы асырап-бағу үшін алимент төлеу міндетінен жалтармауға шақырып, әрбір ата-ана өз баласының алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы керектігін ескертті.
